Автокөлікті басқаруға сенімхатты интернет арқылы тіркеу мүмкіндігі туады
![]() |
ІІМ-нің Жол полициясы комитеті қазіргі уақытта көлік құралдарын сенімхат бойынша басқаратын адамдарды тіркеу рәсімін оңайлату мақсатында оларды жол полициясында «электрондық үкімет» порталы арқылы тіркеу мәселесін пысықтауда. |
Бұл туралы аталмыш комитеттің баспасөз қызметінен хабарлады.
Осындай тіркеу құқығын тек көлік құралының иесі ғана пайдалана алады, бұл ретте Интернетке кіру мүмкіндігі мен электрондық сандық қолтаңбасы болуы тиіс.
«Бұл рәсім барынша қарапайым болады. Тіркелген құжаттар бойынша ақпарат ІІМ базасына жедел келіп түсетін болады. Бұл ретте осындай қызметті кез келген күні және кез келген уақытта алуға болады», - деп атап өтті ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Берік Бисенқұлов.
Бұл жаңашылдық автокөлікті сенімхат бойынша басқаратын адамдарға қандай да бір құжат толтырып, жол полициясы бөлімшелеріне барып, кезекте тұруды қажет етпейтінімен оңтайлы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта автокөлікті сенімхат бойынша басқаратын адамдарға жол полициясы бөлімшелеріне тікелей барып, жеке басын куәландыратын құжаттарды, көлік құралын тіркеу туралы куәлігі мен сенімхатты ұсыну қажет.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін