Жарияланды: 470

Аяз ата мен Ақшақарға Өзбекстанға кіруге ресми түрде тыйым салынды - БАҚ-қа шолу

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Түркияның жетекші индустриялық дамыған провинцияларының бірі - Қожаеліде Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды. Құрметті консул болып белгілі түрік кәсіпкері, ірі «Кибар холдинг» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Әли Кибар тағайындалды. «Кибар холдинг» компаниясының жылдық айналымы 5 млрд. АҚШ дол­ларын құрайды. Ал Қазақстанның Құр­­метті консулдығы ашылған Қо­жа­елі провинциясы мұнай өңдеу,

химия, металлургия және кеме жасау саласындағы елдің ірі зауыттары мен фабрикалары орналасқан қуатты ин­дустриялық база ретінде белгілі. Дәстүр бойынша Қожаелі Түркияның автомобиль өнеркәсібінің орталығы болып табылады және индустриялық дамуы бойынша елде Ыстамбұлдан кейін екінші орын алады. Бұл материал газетте «Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды» деген тақырыппен беріліп отыр. Осы басылымда «Банк тонау мен банкомат бұзу Таразда түк қиындығы жоқ тірлік болып барады» атты мақала басылды. Газеттің жазуынша, тәртіп сақшылары 18 миллион 500 мың теңгенің ұрлануына, ең алдымен, банк директорлары кінәлі деп отыр. «Тараз қаласы қарақшыларының аты бұрын бай-бағыландарды бопсалап, ақша табумен шықса, енді олар өз «шеберліктерін» басқа бағытта сынап көрмекке бел буған сыңайлы. Бүгінде олар үшін банк тонау, банк инкассаторларына шабуыл жасау және банкоматтарды бұзып, ондағы қыруар қаржыны бір сәтте үптеп кету түк те емес. Қарақшылардың алғашқы шабуылы қайсыбір жылдары «Темірбанктің» Тараз қалалық филиалы инкассаторларын қорқытып-үркітіп, олардан қыруар қаржыны тартып алып кетуден басталған. Осындай қорқаулардың қолынан Меркі ауданының аумағында бірнеше инкассаторлардың жазықсыздан көз жұмғаны да белгілі. Ал биыл көктемде облыс орталығындағы ақша айырбас­тау пунктінің инкассаторының ізіне түсіп, оның келіп-кететін уақытын біліп алған қарақшылар қызметкерді басынан кеспелтек темірмен ұрып, талдырып түсірген де, қолындағы 100 мың АҚШ доллары мен 8 миллион теңге салынған сөмкесін тартып алып кеткен. Жаман әдет те жұқпалы ауру сияқты, тез тарайды. Енді, міне, аттары дардай «Халық банкі», «Евразия банкі» және «АТФ Банк» деген қаржы мекемелерінің Тараз қалалық филиалдарының директорлары сандарын соғып отыр»,-деп жазылған онда. *** «Қазақстанда Жаңа жылды қарсу алу рәсімі әлдеқашан баста­лып кеткенін білесіздер. Ал өзбек ағайындар Жылан жылының иісін әлі сезген жоқ. Ташкент тып-тыныш. Нақтырақ айтсақ, Өз­бекстан билігі телеарналарға да тыйым салып, Аяз ата кейпіндегі кейіпкерлерді тайраңдатпауды тапсырған көрінеді. Ала тақияны қисайта киген балақайлар да дорба арқалаған қызыл шапанды қарияға алақан жайып, тәтті дәметіп отырған жоқ»,-деп жазады «Айқын» басылымы «Аяз ата... бермейді бата!» атты материалда. Айтпақшы, қаба сақалды қарияның қасынан қалмайтын қыз - Ақшақар да ауылдардан алас­татылған. Тіпті орыс ертегілерінің кейіпкерлері де енді Өзбекстанды өз отанындай сезінбей қал­ды. «Айқын» газетінің жазуынша, әдетте ағылшын тілінде және онлайнда ғана көрсетілетін әлемге таны­мал TED дәрістерін «Білім» телеарнасынан қазақ тілінде де тыңдауға мүмкіндік туды. Ұзақ келіссөздер нәтижесінде TED конференциясының 40 тақырыпты қамтитын 200 лекциясының телевизиялық және он­лайн нұсқасын көрсету құқына қол жеткізілді. Бұл жөнінде кеше «Бі­лім» теле­арнасы мен Wikibilim қоғамдық қоры өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды. Сонымен TED дегеніміз не? Ол (Tech­nology Entertainment Design деген­нің ағылшынша аббревиатурасы, оны «Ғы­лым, Өнер, Мәдениет» деп аударуға бо­лады) - бірегей идеяларды таратуды мақсат тұтқан, жыл сайын конферен­циялар ұйымдастырумен айналысатын ха­лықара­лық қор. Конференция мақ­саты - мүмкіндігінше қызықты идея­ларды ауқымды аудиторияға жеткізу. Міне, енді сол қызықты идеялар үйіміз­дегі «көк жәшіктен» қазақ және орыс тілдерінде көрсетілмек. Бұл мақала басылымның бүгінгі санында «TED дәрісін «көк жәшіктен» тыңдаймыз» деген тақырыппен жарияланды. *** «Кең даланың төсінде түтін түтеткен, залалды зауыт-фабрикасы жоқ ауылда «қайдағы адасып жүрген экологиялық проблема?» дерсіз. Бір қарағанда, мұныңыз да жөн. Ал зерттеулер мен деректерге үңілсек, ауыл - алтын бесіктегі атмосфера әлдеқашан-ақ «бұзылып» кетіпті»,-деп жазады «Алаш айнасы» басылымы. Деректерді зерделей отырып, экологиясы жұрттың жадынан шығып қала беретін ауыл адамына жанымыз ашыды. Мал жарықтықтың еті мен сүті - тамақ. Қиы - отын. Бірақ ашық жатқан тезектен табиғатқа тиер зиян көп-ақ екен. Демек, ауыл адамының денсаулығының дімкәстігінің бір ұшығы - осында, - дейді ғылымдар. Мақалада құстар мен төрт түлік малдың пайдасымен қатар табиғатқа қаншалықты деңгейде зиян келтіретіні, тіпті олардың қиынан бөлінетін газ мөлшеріне дейін жазылған. Осы басылымның «Ой-көкпар» айдарында тараптарға «Үш жылдан артық қараусыз қалған пәтерлерді мемлекет меншігіне алу керек деген пікірмен келісесіз бе?» деген тақырыпта сұрақ қойып жауап алған екен. Елімізде соңғы кездері баспана мәселесінің ушыға түскені байқалып-ақ тұр. Өткен аптада баспана мәселесін талқылаған Мәжіліс депутаттары халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге байланысты бағдарламалардың шикі тұстарын талқылап, тіпті «баспанаға зәрулердің мәселесін жаңа үй салып қана шеше алмаймыз» деп пәтер мәселесін шешуге қатысты түрлі ұсыныстарын да ортаға салған еді. Осы орайда Мәжіліс депутаты Майра Айсина: «Пәтер иесі ұзақ уақыт шетелде жүреді. Үйі елде бос тұрады. Сосын уақыт өте келе, басқа адам оны алып, жөндеу жұмыстарын жасаған кезде, иесі келіп сот арқылы баспананы даулап, қайтарып алады. Заң бойынша меншік құқығы - сегіз жыл. Бұған өзгерту енгізу керек. Үш жыл жеткілікті. Үш жылдан соң ол қалдырып кеткен пәтеріне келе алмайтындай болуы керек», - деп қараусыз қалған пәтерлерді үш жылдан соң мемлекет меншігіне алу туралы ұсыныс айтты. Әйтсе де «Мәжілісменнің бұл ұсынысы жеке меншіктің мүлкіне заңсыз қол сұғу» деп, қарсы пікір айтушылар да табылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін