Аяжан Еділованың өлімі: марқұмның ұстаздары мен құрбылары басқа шындықты айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Аяжан Еділованың өлімі: марқұмның ұстаздары мен құрбылары басқа шындықты айтты

Аяжан Еділованың өлімі: марқұмның ұстаздары мен құрбылары басқа шындықты айтты

Ермек Шүлденнің айтуынша, қылмыстық іс арнайы прокурорлар тарапынан жан-жақты тергеліп жатыр

  • 2 Сәуiр 2021
  • 172
Фото - Caravan.kz

Жантүршігерлік қылмысқа қатысты Аяжан Еділованың ұстаздары мен құрбылары пікір білдіріп, оның қандай қыз болғанын айтып берді, деп хабарлайды Caravan.kz порталы  Астана телеарнасына сілтеме жасап. 

Олар Аяжан пәктігін саудалаған деген ақпаратты мүлдем жоққа шығарды.

"Бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Өйткені, ол қызды мен басқа жағынан білемін. Қазақи, қарапайым қыз еді. Өзінің сөйлесіп жүрген досы болды. Осы соңғы курсы. Бірінші курстан бастап грантта оқыды. Үлгілі, үздік оқушылардың бірі болды", – дейді марқұмның ұстазы Томирис Кустова.

Аяжан дизайн және технология мамандығына түскен. Кейін киім дизайнымен әуестеніпті. Жасаған жұмыстарын әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп отырған. Колледж директоры, бойжеткеннің қосымша сән салонында да жұмыс істегенін айтты.

Сондай-ақ, Гүлнәр Оразымбетова Аяжанның өз коллекциялары болғанын және ол өзінің жұмысын өте ерте бастағанын да алға тартты. Тіпті, оның артық жүрісін ешқашан байқамаған.

Ал түрік тілінің ұстазы Әйгерім Үсенова Аяжанның арманы басқа еді деп еске алды. Ол тіл үйреніп, шетелге барып жұмыс істеуді жоспарлаған.

"14 және 17 наурызда маған келіп, түрікше сабақ оқыды. Сол кезде аптасына үш рет келсем, жазға дейін қалай болады деп сұраған еді. Аяжанды ондай жеңіл жүрісті қыз деп айта алмаймын. Өте аңқау қыз, мүмкін алдап шақырған шығар", – дейді ұстаз.

Құрбылары не дейді…

Жатақханада көрші тұрған Баян да, соңғы күндері орын алып жатқан жайттардан ес жия алмай жүр. Ол қылмысқа барды деген күдіктіге қатысты бұрын-соңды естімеген.

"Арамызда қаншама әңгіме болды. Бірақ ол ондайға баратын қыз емес. Жұмыс бабымен алдап шақырған шығар. Өйткені, ол жұмысқа қатты кірісіп, істеп жүрді", – дейді ол.


Денесін жер қойнына тапсыра алмай жүр

Ал телеарнаға сұхбат беруден бас тартқан Аяжанның туыстары марқұмның денесін әлі жер қойнына тапсыра алмай жүр. Тергеу салдарынан дене бөлшектері бізге берілмей отыр дейді олар. Тіпті, қоғамда тараған қауесет әңгімелер күдіктінің жазасын жеңілдету мақсатында жасалып жатқан болуы мүмкін деп те топшылайды.

Осы жағдайға қатысты түсінік берген ішкі істер министрлігі 26 наурыздан бастап қылмыстық істі арнайы прокурорлар жан-жақты тергеп жатқанын атап өтті.

"Біз тергеу барысын жария ете алмаймыз. Оны таратуға немесе қандай да бір ақпарат айтуға құқығымыз жоқ. Қазір 28 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр", – дейді тергеу бөлімінің бастығы Ермек Шүлден.

Аяжан Еділованың өлімі

Айта кетейік, 19 жастағы Аяжан 19 наурыз күні кешкісін жұмыстан шығып, қайта оралмады. Оның бөлшектелген денесі араға екі күн салып, Нұркент ықшамауданындағы пәтерлердің бірінен табылды. Ал қылмысқа күдікті ретінде 28 жастағы Түркістан облысының тумасы ұсталды.

Егер оның кінәсі дәлелденсе, Қылмыстық кодестің 99-бабы бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін сотталуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.