Азаматтық қоғамның жаңа дәуірі: Қоғам мен билік арасындағы шынайы әңгіме басталды  - kaz.caravan.kz
  • $ 539.49
  • 627.7
+25 °C
Алматы
2025 Жыл
11 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азаматтық қоғамның жаңа дәуірі: Қоғам мен билік арасындағы шынайы әңгіме басталды 

Азаматтық қоғамның жаңа дәуірі: Қоғам мен билік арасындағы шынайы әңгіме басталды 

Бүгінгі Қазақстанда азаматтық қоғам дамуының маңызды кезеңінде тұр. Бұл жол күрделі болғанымен, болашағы зор дейді мамандар.

  • 23 Шiлде
  • 4521
Фото - Caravan.kz

Азаматтық қоғамды дамыту мәселесі соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған деңгейде өзекті бола бастады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың үнін естіп, қоғамдық сұранысқа жауап беру қажеттілігі билік үшін де, қоғам үшін де басты күн тәртібіне айналды. Билік «тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасын алға тартып, ашықтық пен қоғаммен диалог орнату қажеттігін мәлімдеді. Осы қоғамдық сұранысқа жауап ретінде бірқатар саяси реформалар жүзеге асып, маңызды заңдар қабылданды.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еріктілер қозғалысынан бастап, білім беру бастамаларына, қоғамдық кеңестердің жұмысына дейін азаматтық белсенділіктің нақты мысалдары пайда бола бастады. Сарапшылардың айтуынша, азаматтық сана күшейіп келеді. Caravan.kz медиа портал тілшісі мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың қалай өрбіп жатқанын, қандай тетіктер шынайы жұмыс істеп жатқанын, қайсысы тек қағаз жүзінде шектелетінін және азаматтық қатысуды күнделікті қалыпқа айналдыру үшін не қажет екенін саралап білді. 

Қоғамдық диалог алаңдары кеңеюде

Тақырыпты ашу үшін саясаттанушы Борис Поломарчуктің пікірін сұрап білдік.

Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары қоғамдық диалог үшін жаңа алаңдар пайда болуда. Мысалы, «eOtinish», «epetition.kz», кері байланыс платформалары сияқты құралдар азаматтардың үнін жеткізетін таптырмас құралдарға айналды.

Осы мақсатта ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де құрылған еді. Ол қазір Құрылтайға айналды. Бұл республикалық деңгейдегі үлкен алаң, мұнда түрлі сала өкілдері жиналып, ой-пікірлерімен бөліседі. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ұсынады. 

«Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет тарапынан әділдік, теңдік, азаматтардың белсенділігіне назар артты. Билік азаматтық кеңестермен саяси реформалар мен әлеуметтік бастамаларды талқылау барысында тығыз жұмыс істей бастады. Жергілікті деңгейде экология, адам құқықтары, жастар саясаты бойынша ҮЕҰ-лар белсенді жұмыс істеп жатыр. Ірі қалалардағы қоғамдық кеңестер белсенді жұмыс жүргізіп, көптеген азаматтарды тартуда. Енді осы белсенділікті ауылдық округтерге де жеткізу қажет», — дейді маман. 

Қазіргі таңда азаматтық қоғам оянып келеді, бұл қалыпты үдеріс. Ол ұйықтап жатқан жоқ, керісінше, мемлекет ұсынған жаңа тетіктерді сынап, тәжірибеде қолданып келеді. Сарапшының айтуынша, саяси ерік тек жоғарыда ғана емес, жергілікті деңгейде де болуы тиіс. Сол кезде бұл өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына нақты ықпал етеді.

«Мұндай қоғамдық кеңестерді құру идеясы алғашында азаматтардың басқару ісіне қатысуының маңызды құралы ретінде ұсынылған еді. Әлемнің көптеген елдерінде бұл тәжірибе сәтті жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанда да бұл бастама билік пен қоғам арасындағы ашықтық пен диалогтың символы ретінде ұсынылып отыр. Қолданыстағы заңнама бойынша, қоғамдық кеңестерге бірқатар өкілеттіктер берілген. Олар нормативтік-құқықтық актілерді қарауға, бюджет қаражатының бөлінуіне қатысуға, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың қызметін бақылауға құқылы. Ең бастысы – қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік мәселелерді талқылауды бастамалай алады, оларға мұндай өкілеттік пен ресурс берілге», — дейді маман. 

Қоғамдық бақылау: заңнамадан тәжірибеге дейін

2023 жылы қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» заң азаматтардың мемлекеттік органдар жұмысына бақылау жүргізіп, шешім қабылдау процесіне араласуына мүмкіндік берді. Бұл азаматтық қоғам үшін маңызды жетістік.

«Соңғы үш жыл ішінде біз жануарларды қорғаудан бастап, отбасылық зорлық-зомбылыққа дейінгі маңызды заңдардың қабылдануына қол жеткіздік. Бұл биліктің емес, азаматтық сектордың жүйелі жұмысының нәтижесі», — дейді Алматы қаласы Азаматтық альянсының төрайымы Айгүл Соловьева. 

Заң қабылданғаннан кейін көптеген өңірлерде бастамашыл топтар мен кеңестер құрылып, тұрғындардың нақты проблемаларын шешуге әрекет ете бастады. Мысалы, Астанада белсенді азаматтар экология, көлік және қалалық абаттандыру салаларында өз ұсыныстарын енгізіп жүр.

Қазақстан-2050: стратегиялық бағыт пен қоғамдық серіктестік

Азаматтық қоғамды дамыту елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырылып келеді. 2012 жылы Тұңғыш Президент ұсынған «Қазақстан‑2050» стратегиясы мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындап, қоғамның белсенділігі мен азаматтардың қатысуын экономикалық және әлеуметтік дамудың шешуші факторы ретінде атады. 2023 жылғы сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш стратегияны жаңарту туралы тапсырма берген. Президент бұл құжаттың қағазда қалмауын және іс жүзінде жүзеге асуын қадағалауды тапсырды. 

Бұл стратегияда басты назар әлеуметтік жаңғыруға, әділеттілікке және қоғам мен билік арасындағы сенімге аударылды. Құжатта “ашық үкімет”, “жауапты мемлекет”, “бәсекеге қабілетті ұлт” секілді ұғымдар алғаш рет нақты бағдар ретінде көрсетілді. Жаңа буын реформалары осы бағытта жүзеге асып келеді.

Осы құжат аясында алты қалада, атап айтқанда, Астана, Қарағанды, Орал, Ақтау, Көкшетау және Таразда қалалық азаматтық кеңестер жұмыс істейді. Олардың құрамында жастар, сарапшылар, белсенділер және жергілікті қауым өкілдері бар. Кеңестер халықтың пікірін жинап, өңірлік мәселелерді сараптап, билікке ұсыныстар жолдайды.

Саясаттанушы Борис Поломарчкутің пікірінше, ірі қалаларда аталмыш кеңестердің тиімділігі мыңты, олар жақсы бастамаларды іске асырып келеді.

«Азаматтық қоғам даму кезеңін бастан кешіруде. Көптеген қалалар мен облыстарда қоғамдық кеңестер белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар қала жобаларын, экология, урбанистика, көлік, бюджет мәселелерін талқылап, нақты ұсыныстар айтуда. Павлодардың өзінде де осындай белсенділік байқалады», — дейді сарапшы. 

Саясаттанушы, азаматтық кеңестердің жұмысын жақсарту үшін бірнеше кеңес берді. 

«Қоғамдық кеңестерді құру процесін ашық әрі әділ ету қажет деп ойлаймын. Қазір кейбір кеңестер кулуарлық түрде, алдын ала келісіммен құрылып жатады. Мұндай тәжірибені өзгерту керек. Мүмкін, кеңеске мүше болу үшін ашық конкурс өткізу керек шығар, қатысушылардың анкеталары жарияланып, қоғамның назарына ұсынылсын. Жалпы танымал, белсенді азаматтармен қатар, түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері де кеңеске тартылуы тиіс. Олардың өмірлік тәжірибесі мен көзқарасы әртүрлі, олар нағыз халықтың үнін жеткізуге мүмкіндік береді», — дейді маман. 

Сарапшының айтуынша, қоғамдық кеңеске кіруге ниетті азаматтар көп.

«Бұл уақыт пен күшті қажет ететін жұмыс, ал оларға ақы төленбейді. Осы себепті жақсы идеясы бар, азаматтық белсенділігі жоғары адамдар бұл кеңестерге бармай жатады. Бұл мәселені шешу үшін белгілі бір қаржылық қолдау тетіктерін қарастыру қажет шығар. Сонымен қатар, кеңестерге құқықтық және сараптамалық көмек те қажет. Бұл үшін конкурс негізінде қолдау жүйесін енгізуге болады», — дейді саясаттанушы. 

Қоғамдық кеңестерді тартымды ету үшін олардың нақты ықпалы мен жауапкершілігін заңмен бекіту де маңызды дейді маман.

«Ішкі құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, кеңестер жай ғана әкімдік жанындағы формалды орган емес екенін халыққа түсіндіру үшін ақпараттық жұмыстарды белсенді жүргізу қажет. Қоғамдық кеңестердің жұмысын жиі жариялап отыру маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілер қазір үлкен мүмкіндік», — дейді маман. 

Қазір азаматтық қоғам жаңа белеске шықты. Соңғы жылдардағы қоғамдық белсенділік, жаңа заңдар, бастамалар мен платформалар елде үнін естірте бастаған азаматтардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Саясаттанушылардың айтуынша, шынайы өзгеріс заңмен емес, адамдармен, олардың ерік-жігері мен сенімімен келеді.

Перейти к новостям спорта