Азаматтық қоғам және демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы "Сайлау туралы" заңға енгізілетін түзетулерді қарады - kaz.caravan.kz
  • $ 513.55
  • 602.09
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
19 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азаматтық қоғам және демократияландыру мәселелері жөніндегі  ұлттық комиссияның жұмыс тобы "Сайлау туралы" заңға енгізілетін түзетулерді қарады

Азаматтық қоғам және демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы "Сайлау туралы" заңға енгізілетін түзетулерді қарады

Бүгін, 1-сәуірде Азаматтық қоғам және демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның Мақсұт Нәрікбаев басқаратын тұрақты жұмыс тобының отырысында "Сайлау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заң жобасы талқыланды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 1 Сәуiр 2005
  • 712
Фото - Caravan.kz

Жұмыс тобының мүшесі, әділет министрі Оңалсын Жұмабеков заң жобасын таныстыру барысында ұсынылып отырған түзетулер сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталғанын мәлімдеді. «Бұл түзетулер азаматтардың, соның ішінде сайлаушылар мен сайланушылардың құқығы аясын мейлінше кеңейте түсетін нормалар мен артықшылықтарға әсер етпейді»,- деді министр.

Заң жобасына қамтылған сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары аяқталған сәттен бастап сайлау қорытындысы ресми түрде жарияланғанға дейін партиялық тізімге енген саяси партиялар мен үміткерлердің митинг, шеру, демонстрация немесе басқа да ереуіл түрлерін ұйымдастыруына тыйым салынады деген норма бірқатар парламент депутаттары мен Ұлттық комиссияның кейбір мүшелері тарапынан сынға ұшыраған болатын. Осыған байланысты О.Жұмабековтың түсініктемесіне жүгінсек, «бұл норма сайлау комиссиялары мен соттарға қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік беру үшін енгізіліп отыр». «Бұл дұрыс норма. Заң жобасы туындаған барлық проблемаларды құқықтық жолмен шешуді жоққа шығармайды. Бірақ сонымен бірге құқық аясынан тысқары әрекеттерге де жол бермейді»,- деді министр.
Бұған қоса үміткерлердің сенімді өкілдерінің санын шектеу туралы норма да сынға ұшыраған. Алайда, әділет министрінің пікірінше, заңда мұндай шектеудің болмауы «сайлаушыларды сенімді өкілдер ретінде тіркеу жолымен жасырын сатып алуға мүмкіндік береді».
Жұмыс тобының отырысына қатысқан Қазақстанның Халықтық коммунистік партиясының жетекшісі Владислав Косарев заң жобасында сайлау процессіне араласқан атқарушы билік өкілдеріне санкция қолдану туралы бап қарастыруды ұсынды.
Жұмыс тобы заң жобасын талқылауды келесі отырыста одан әрі жалғастырмақ. Жұмыс тобының заң жобасына қатысты қорытындысы Ұлттық комиссияның қарауына ұсынылады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 28-наурызда өткен парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Заң жобасының екінші оқылымы 8-сәуірде өтетін парламент палаталарның бірлескен отырысына белгіленді.

Перейти к новостям спорта