Басты сұрақтарға байқау комиссиясының мүшесі, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы Азат Шәуеев жауап береді.
— Байқаудың басты мақсаты мен міндеті қандай?
Байқаудың басты мақсаты — заманауи қазақстандық көркем әдебиетті қолдау, дамыту және насихаттау. Қазіргі әдебиеттегі жаңа ұрпақтың өмірлік философиясын көрсететін жас жазушыларды анықтауға және ынталандыруға тырысамыз.
— Байқау қай жылдан бері өткізіледі және қанша адам марапатталды?
Байқау 2015 жылдан бастап өткізіліп келеді. Содан бері 44 жеңімпазды анықтадық.
— Байқау аясында қандай номинациялар бар? Жылда өзгеріссіз қала бере ме?
Дәстүр бойынша «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік драматургиясы», «Жылдың үздік балалар шығармасы» номинациялары өзгермейді.
Биыл еліміздің айтулы күндеріне, белгілі қайраткерлерге арналған «Ел мұраты – Тәуелсіздік» тақырыбына арналған «Үздік шығарма» арнайы номинациясы бекітілді.
2022 жылдан бастап «Жылдың үздік киносценарийі», «Фантастика жанрындағы үздік шығарма» атты қосымша тағы екі номинация қосылды.
— Жыл сайын байқауға қанша адам қатысуға ниет білдіреді?
Шамамен 180-200 адам қатысады.
— Байқауға қатысудың басты шарттары қандай?
Байқауға 18-35 жас аралығындағы жас әдебиетшілердің қазақ және/немесе орыс тілдеріндегі шығармалары қабылданады. Автор екі номинацияға да қатысуға құқылы.
Бірақ өткен жылдардағы байқау жеңімпаздары қатыса алмайды.
Іріктеуге бұрын еш жерде жарияланбаған бір автордан екі шығармаға дейін қабылданады.
— Жүлдеге не беріледі?
Номинациялар бойынша жеңімпаз әдеби сыйлықтың лауреаты атанып, 2 млн теңге көлемінде сыйлық және «Алтын тобылғы» медалін алады. Арнайы номинация жеңімпазына 3 млн теңге беріледі.