"Біздің команданы айдынға капитан Талғат Жайлауов бастап шығаратын болады. Біз оған үлкен үміт артып отырмыз», — деді бүгін Қазақстан құрамасының бас бапкері Андрей Хомутов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның хабарлауынша, қазақстандық хоккейшілер үш бестікте ойнайтын болады. «Қазіргі кезде Новокузнецк қаласынан Дмитрий Дударев және Алексей Коледаевтар келді. Алдағы уақытта бізге Құрлықтық хоккей лигасында ойнап жүрген тағы 6 спортшы қосылуы керек. Бүгінгі таңда «Барыс» командасының құрамында өнер көрсетіп жүрген кейбір хоккейшілердің Қазақстан азаматтығы болмағандықтан, олар Азиада аясындағы жарыстарға қатыса алмайды. Оған қарамастан, Қазақстанның құрама командасындағы 23 ойыншының 3-уі қақпашы болса, 6-уы басқа командалардан шақырылып отыр. Ал қалған хоккейшілердің бәрі — «Барыстың» тарландары», — дейді А.Хомутов.
Бүгінгі ойында біздің құрама 16 хоккейші мен 2 қақпашының құрамында тіркеліп отыр. «Біздің команданы капитан Талғат Жайлауов бастап шығаратын болады. Ол оң жақ шабуылшысы болмақ. Оның жетекшілігінде Андрей Гаврилин, Вадик Краслослободцев сынды спортшылар өнер көрсетпек. Біз Талғатқа үлкен үміт артып отырмыз», — деп атап көрсетті А.Хомутов.
Осы орайда кешегі Қытай-Жапония матчына баға берген А.Хомутов: «Ойын өте қызықты өтті. Әрине, жапондықтар ұшқырлық жағынан шебер ойнап, қарсыластың жіберген қателіктерін пайдалана біледі. Меніңше, біздің басты қарсыласымыз — Жапония мен Корея болмақ. Бірақ, әрине, біз әрбір ойынға дайын болуымыз қажет», — дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері.