Тайландтың Чиангмей қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстанның тағы екі боксшысы ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
57 келіде өнер көрсеткен Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегін айқын басымдықпен ұтты. Ол малайзиялық Зулхейлейн Мохамадпен жұдырықтасқан болатын. Қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсеткен отандасымыз екінші раундта оны нокдаунға да жіберді.
Ал, 60 келіде ел намысын қорғап жатқан Бейбарыс Жексен Азияның екі дүркін чемпионы – өзбек Дилшод Абдумуродовты жеңді. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер Бейбарысты мықты деп тапқан. Енді ол ширек финалда тәжік Акмал Убайдовпен жұдырықтасады.
Еске салайық, жарыстың бірінші күні Дулат Бекбауов тайбейлік боксшыны оңай жеңіп, ширек финал жолдамасын иеленген еді.