Саясаттанушы Әзімбай Ғали бүгін түнде Ыстамбұлдағы әуежайда болған лаңкестік оқиғаны тікелей Ресеймен байланыстырып отыр. Оның ойынша, Түркияның лайықты деңгейде кешірім сұрамауы Ресейдің шамына тиген. Бұл туралы саясаттанушы Caravan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Осылайша саясаттанушы Ресей сарапшыларының сөзін жоққа шығарып, лаңкестік оқиғаның артында Мәскеу тұрғанын меңзеді.
«Ыстамбұлдағы жарылыстар тікелей Ресеймен байланысты. Өйткені Ресейдің қит етсе соғыс жариялайтын жаман әдеті бар. Бірақ оның бәрін Ресей күрд содырларының, исламистердің қолымен жасайды немесе Украинадағы қарулы топтарға жаба салады. Ресейдің Түркияға өкпесі бар. Өйткені түрік билігі ұшақ апаты үшін дұрыстап кешірім сұрамады»,- деді Ә. Ғали.
Бұған дейін ресейлік сарапшылар орын алған қастандықты күрд жұмысшылар партиясының содырлары мен ИШИМ жауынгерлеріне жапқан болатын. Әзімбай Ғалидің пайымдауынша, қастандық Ресей жетегінде жүрген содырлардың ісі болуы ықтимал. Ал мұндай амалдар билікке Путин келгелі басталған. Басында білінбегенімен қазір анық көріне бастапты.
«Бірақ мұның түбі жақсылыққа апармайды. Енді батыс Ресейге бұрынғыдан да қатты шүйлігеді»,- деген пікір айтты саясаттанушы.
Еске сала кетсек, бүгін Ыстамбұлдағы әуежайда жарлыс болып 40 қа жуық адам көз жұмды.