Жарияланды: 620

Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толды

Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толды

Кеше Алматыда КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толуына байланысты еске алу кеші өтті.

Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында болған бұл шара Ә. Мәдиұлының өнер ордасында әрі жылдары сахналаған бірқатар қойылымдарының үзінділерінен құралған көрсетіліммен басталды. "Осы үзінділерден-ақ, Мәмбетов ойының биіктігін, режиссерлік арманшылдығын, патриоттығын, сезімталдығын, философ екендігін байқауға болады. Аңыраған ана, көмусіз жер іздеген теміржолшы, махаббат сазына елтіген Қарагөз бен Сырым қаншама дүние айтып жатыр. Осының бәрі Әзекеңнің балалары, философиялық тұжырымы, өмірге деген көзқарасы, жалпы адамзаттық болмысы, биік режиссерлік парасаты деп ұғам", - дейді Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев. Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры директоры және көркемдік жетекшісінің айтуынша, бұл өнер ордасына 30 жыл ғұмырын берген Ә.Мәмбетов күллі қазақтың кәсіби режиссурасын дүниеге паш еткен, мәңгі ұлттық болмысқа бой алдырған шоқтығы биік, көсем режиссер. Театр әйгілі өнер қайраткерінің 80 жылдығына орай наурыз айында дәстүрлі театр фестивалін Әзірбайжан Мәдиұлына арнаған болатын. Мерейтойлық шаралар жақында Оралда халықаралық театр фестиваліне ұласып, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында "Ұлы режиссер, қайраткер, профессор Ә.Мәмбетовтің көркемдік әлемі" деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасып отыр. Енді бүгін, 25 қарашада "Кеңсай-1" зиратындағы ескерткішіне гүл қойылмақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін