Астанаға Азиада алауы әлі жетпесе де, спорттық рух қазірдің өзінде айқын сезілуде. Жанкүйерлер қысқы ойындардың белгілерін белсене алып жатыр. Олардың пікірінше, мұндай кәдесыйлар қала қонақтары үшін аса қызықты болмақ.
Эльдар Қосжанов, жанкүйер:
— Қазақстанды жай ғана теледидардан көрмей, біздің кәдесыйларды көрсе, бұл өте маңызды деп есептеймін.
Абыройға орай, таңдау ауқымы да кең. Дүкен сөрелері сан алуан тауарға толы. Тіпті Мәскеу олимпиадасынан сақталған тиындар бар. Ұлттық банк шығарған атаулы монеталар төрден орын алыпты.
Айнұр Қайыңбаева, кәдесый жасаушы компания бөлімшесінің директоры:
— Бағасы да бәріне сай, қымбат емес. 7-ші Азия ойындары тарихымызда бір-ақ рет болатын дүние шығар. Сондықтан әр қазақстандық осы кәдесыйларды бір-бірден болсын сатып алуға мүмкіншілігі бар.
Суретшілер мен шеберлердің шабытын оятқан спорттық нысандар да күннен күнге көркейтілуде. Жұмысқа тіпті сарбаздар да жұмылдырылған. Спортшылардың өздері де демалып жатқан жоқ, міне, кезекті бағытпен олар жаттығу залына дейін жетті.
Азия ойындары барысында қалада арнайы автобустар қатынамақ. Көліктер спортшылар аялдаған мейманханалар мен спорттық нысандар арасында әр 20 минут сайын жүреді. Жұмыс уақыттары таңертеңгі сағат 7-ден бастап, түнгі сағат 12-ге дейін. Жолаушылар тек мұқият тексеруден кейін ғана автобусқа отыруы керек. .
Қатаң тәртіп елордалық қонақүйлерде де орнатылды. Азиада күндері мұнда бөтен адам өткізілмейді. Бөлмелерінің көбі алдын ала сатып алынған. Мәслихат залдары да босамайтын тәрізді.
Динара Киікбаева, қонақүйдің маркетинг және PR жөніндегі үйлестірушісі:
— Біз тіпті мейрамханалардың бірін ұйымдастыру комитетіне толығымен бердік. Онда да ресми кездесулерді өткізуге мүмкіндік бар. Біздің мейманхана үшін бұл таңсық дүние емес. Осыған дейін Саммит кезінде тәжірибе жинақтадық қой.
Қонақүйлерде қосымша дәрігерлік бөлмелер де ашылды. Ал волонтерлер ақпарат орталығын құрыпты. Белсенді жастар спорттық шара арқасында мол тәжірибе жинақтауға ниетті.
Анара Матаева, волонтер:
— Біріншіден — көп елден азаматар келеді. Солармен ағылшынша сөйлесеміз және өз елімізді көрсетеміз. Олармен тіл табысамыз, қонақтардан олардың да спорт ойындарын біліп, ақпарат алмасамыз.
Қалай дегенмен нағыз қызықтың тек апта соңында басталары сөзсіз. Алматыдан аттанған эстафета алауы қаңтардың 30-нда “Астана Арена” стадионына жеткізіліп, Азиаданың ашылу салтанатында паш етілмек.