Азық-түлік қымбаттап, шағын дүкендер жабылып жатқаны рас па? - kaz.caravan.kz
  • $ 496.85
  • 585.54
-1 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азық-түлік қымбаттап, шағын дүкендер жабылып жатқаны рас па?

Азық-түлік қымбаттап, шағын дүкендер жабылып жатқаны рас па?

Жыл басында Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін кеңейтіп, 19-дан 33-ке дейін ұлғайтты. Бұл шешімге сәйкес, кәсіпкерлер аталған өнімдерді сатқанда 15 пайыздан артық үстемеақы қоса алмайды.

  • 25 Ақпан
  • 68
Фото: pinterest.com

Егер баға белгіленген межеден асып кетсе, айыппұл салынып, жауапкершілік қарастырылады. Алайда бизнес өкілдері бұл өзгерістерге толық дайын болмағанын айтады. Нәтижесінде, көптеген шағын дүкендер ірі супермаркеттермен бәсекеге төтеп бере алмай, жабылу қаупіне тірелген. Бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұру неге қиын болып отыр? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.

Шағын дүкендер азаюы мүмкін

Қазіргі таңда үй жанындағы дүкендердің саны 180 мыңға жуық. Бірақ алдағы 1,5 жыл ішінде олардың 30-40 пайызы жабылып қалуы мүмкін деген болжам бар.

Сарапшылар мұны бағаны тұрақтандыру мақсатында енгізілген қатаң шектеулермен байланыстырады. Бұрын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары дүкендердің жалпы айналымының шамамен 30 пайызын құраса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жеткен.

Яғни, кәсіпкерлер сататын тауарларының басым бөлігінен пайда көре алмай отыр. Бұл өз кезегінде шағын бизнестің қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізуде.

Шығын көбейді, талап күшейді

Кәсіпкерлердің айтуынша, жағдайды күрделендіріп отырған тек баға шектеуі емес. Қосымша шығындар да айтарлықтай артқан.

«Бір сәтте әлеуметтік тізіммен қатар коммуналдық қызметтердің құны да өсті. Одан бөлек сыраны таңбалау сияқты жаңа талаптар енгізілді. Осының бәрі қосылып, дүкендердің күнделікті шығындарын жабуға ақша жетпей отыр. Қазір осы саладағы әр кәсіпкер кәсібін жабудың амалын іздеп отыр деп сеніммен айта аламын», — дейді кәсіпкер.

Осылайша, бір бөлігі бизнесті жабуды қарастырып жатса, енді бірі аз да болса пайда табу үшін тауар бағасын көтеруге барған.

Айыппұл көбейіп жатыр

Баға талаптарын бұзғаны үшін кәсіпкерлер жауапқа тартылуда. Жыл басынан бері 189 кәсіпкерге жалпы сомасы 7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Дәулен Қабдушевтің айтуынша ең көп заңбұзушылық көкөніс және күнбағыс майы бойынша анықталды, барлық бұзушылықтар жойылған.

Халық бағаның өскенін сезіп отыр

Кәсіпкерлер қиындықтан шығудың жолын іздеп жатқанда, қарапайым халық бағаның тұрақтанғанын байқамай отыр. Керісінше, әлеуметтік желілерде азық-түлік бағасының күрт өскені жиі айтылуда.

Тұрғындардың сөзінше, былтыр 5000 теңгеге күнделікті азық-түлік алуға болса, биыл 10000 теңге де жеткіліксіз. Әсіресе сұраныстан түспейтін нан, сүт өнімдері, макарон, көкөністер мен жемістердің бағасы айтарлықтай қымбаттаған.

Caravan.kz медиа порталының тілшісі әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіп, халықтың күніне қанша ақша жұмсайтынын анықтап білді. Сауалнамаға қатысушылардың жазуынша, күніне 10-15 мың теңге азық-түлікке кетеді екен. Ал көпшілігі қалтасына қарайды, яғни тек қажеттілерін алған күнде де 7-8 мың теңге шығады дейді. Дүкендердің жаппай жабылуын халық байқамаса да, кейбір аудандарда салықтық жүктемені көтере алмай жабылғандары да бар дейді сауалнамаға қатысушылар.

Шағын дүкендерге тең мүмкіндік жоқ

Кәсіпкерлер бағаны ұстап тұрудың тағы бір себебі нарықтағы теңсіздік екенін айтады. Ірі супермаркеттер тауарларды тұрақтандыру қорлары арқылы төмен бағамен ала алады. Ал шағын дүкендерде мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан олар Үкіметтен тек бақылау мен айыппұлды күшейтпей, нақты қолдау шараларын енгізуді сұрайды.

«Қандай тауар елде өндірілмейді, соны қарастыру керек, оның ішінде көбісі өзімізден шықпайды. Негізі соған көңіл бөліп, демеп, бәсекеге қабілетті болуға жағдай жасау керек», — дейді кәсіпкерлік қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин. 

Үкімет не дейді?

Билік өкілдері бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын мойындайды. Олардың қатарында логистиканың күрделілігі, отандық өндірістің жеткіліксіздігі және импортқа тәуелділік бар. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл мәселеге талдау жүргізіп, Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп, бағаны тұрақтандыру бойынша жаңа шаралар әзірлеуді тапсырды.

Алайда бұл шаралардың нақты қандай болатыны және олардың қымбатшылықты тежеуге қаншалықты әсер ететіні әзірге белгісіз.