Азық-түлік қымбаттап, шығын артты: Мектеп асханалары жаңа мәзірді енгізе алмай жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 514.31
  • 603.03
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
18 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азық-түлік қымбаттап, шығын артты: Мектеп асханалары жаңа мәзірді енгізе алмай жатыр

Азық-түлік қымбаттап, шығын артты: Мектеп асханалары жаңа мәзірді енгізе алмай жатыр

Кәсіпкерлер азық-түлік бағасының үнемі өсіп жатқанын, сонымен бірге тағам дайындауға кететін шығындардың да артқанын айтады. 

  • 18 Желтоқсан
  • 4
Фото - Caravan.kz

Еліміздің ондаған мектебі жаңа ас мәзірін енгізе алмай отыр. Бұл туралы informburo.kz «31 арнаға» сілтеме жасап хабарлады. Бұл қиындықтар қайдан туындап отыр? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Асханаларды жалға алып отырған кәсіпкерлердің айтуынша, қолданыстағы қаржыландыру көлемімен балаларға пайдалы әрі теңгерімді тамақ ұсыну мүмкін емес. Кәсіпкерлер азық-түлік бағасының үнемі өсіп жатқанын, сонымен бірге тағам дайындауға кететін шығындардың да артқанын айтады. 

Олар бағалардың өсіміне ілеса алмай келеді, салдарынан порция көлеміне кері әсерін тигізуде. Осы себепті кейбір өңірлерде бір оқушыға арналған бір реттік түскі астың құны әлі күнге дейін бекітілмеген.

Ал Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде жаңа мәзірге көшуге қатысты жеке тексерулер әзірге қарастырылмағанын атап өтті.

«Порция көлемі, тағамның салмағы, өнімдерді алмастыру санитариялық қағидалар мен тамақтану стандарттарымен нақты реттелген. Порцияны азайтуға қатаң түрде тыйым салынады», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Дамира Нұран.

Айта кетейік, тамыз айында мектептегі тамақ сапасын мектеп медбикелері бақылайтыны хабарланған болатын. Бұл міндетті олар жаңа оқу жылынан бастап күн сайын атқаруы тиіс еді.

Сала өкілдерінің пікірінше, жаңа стандарт бойынша тұрақты жұмыс істеу үшін қаржыландыруға жүйелі көзқарас қажет.

«Жыл сайын индексация мәселесін қарастыру маңызды деп санаймын. Сондай-ақ қызметкерлердің жалақысы мен ағымдағы жөндеу шығындарын да ескеру қажет. Қызметкерлер балалардың қауіпсіз, сапалы әрі құнарлы тамақ ішуіне шын мәнінде мүдделі», – дейді кәсіпкер Диана Сұханова.

Сонымен қатар Кәсіпкерлер палатасында бұл мәселеге қатысты алаңдауға негіз жоқ деп есептейді. Олардың айтуынша, мектеп тамағы саласынан бизнестің жаппай кетуі күтілмейді.

«Кәсіпкерлердің жаппай бас тарту қаупі жоқ. Барлығы ескеріліп жатыр, көпшілігін бұл жағдай қанағаттандырады. Мұндағы негізгі тәуекел – азық-түлік бағасының жыл сайын қымбаттауы», – деді Сәтбаев қаласындағы «Атамекен» филиалының директоры Батырлан Таймағанбетов.

Хабарламада тағам құны бойынша түпкілікті шешім жақын арада қабылданатыны айтылған. 

Еске салайық, 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты және көпнұсқалы үлгілік мәзір күшіне енді. Жаңа талаптарға сәйкес, мектеп асханалары мәзірді директорлармен келісуі тиіс және алғаш рет «желінбей қалған тағам индексін» анықтайды.

Рациондағы қант, тұз және май мөлшері айтарлықтай азайтылады. «Жасанды өнімдер» толығымен алынып тасталады: кремі бар кондитерлік өнімдерге, гамбургерлерге, хот-догтарға, пиццаға, наггетстерге, чипстерге, шұжық өнімдеріне, қақталған тағамдарға, спредтерге, дәм мен иіс күшейткіштері бар өнімдерге тыйым салынады.

Жаңа ережелерге сәйкес, жаңа піскен көкөністер мен жемістердің үлесі арттырылады. Сондай-ақ тағам дайындау тәсілдері нақты белгіленген: қайнату, пеште пісіру, бұқтыру немесе буға пісіру. Иммунитетті нығайту үшін қараша айынан мамыр айына дейін тағамға С дәрумені қосылады.

Алайда ережелер бекітілгеннен кейін асханасы жоқ мектептерде тамақтану қалай ұйымдастырылатыны жөнінде журналистер тарапынан көптеген сұрақ туындады. Мұндай мектептер әлі де аз емес.

2023 жылы Оқу-ағарту министрлігі асханасы жоқ 600 мектеп бар екенін айтқан. Бір жылдан кейін Премьер-министр Олжас Бектенов мектептегі тамақтану жүйесін сынға алып, балалар толыққанды ыстық тамақ ішпейтін мектептер саны 400 екенін мәлімдеген еді. Ал биыл маусым айының басында Денсаулық сақтау министрлігі ресми сайтында былай деп жауап берді:

«Ас блогы жоқ шағын жинақты мектептерде ланч-пакеттер дайындалады. Олар “ыстық бутербродтан, қышқыл сүт өнімінен (йогурт), маусымдық жемістен және сусыннан (сүт, айран, итмұрыннан жасалған сусын, кептірілген жемістер мен жидектерден дайындалған сусын)” тұрады».

Қазақстанда 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа жыл сайын 175 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.

Перейти к новостям спорта