Жарияланды: 450

Азық-түлік келісім шарт корпорациясы «Еуразия сауда жүйесі» биржасы жанынан Астық жөніндегі биржа комитетін құрды

«Еуразия сауда жүйесі» сауда биржасы жанынан Астық жөніндегі биржа комитеті құрылды. Бұл Азық-түлік келісім шарт корпорациясы мен «Еуразия сауда жүйесі» арасындағы ынтымақтастық дамуының кезекті сатысы болып табылады. Ал құрылған комитеттің басты міндеті астықпен биржалық сауда-саттықтың одан әрі дамуының стратегиясы мен құралдарын әзірлеу болып белгіленді. Бұл туралы «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінен хабарланды.

Мамандандырылған комитеттің құрамына «Еуразия сауда жүйесі» Азық-түлік келісім шарт корпорациясы, «ҚазАгро»» холдингінің басқа еншілес компаниялары, брокерлік компаниялар - Еуразия сауда жүйесі ауыл шаруашылығы өнімдерін сату секциясы мүшелерінің, астық өндірушілер мен астықты қайта өңдеушілердің мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдар еніп отыр. Олардың қатарында атап айтқанда «Қазақстанның астық одағы», «Қазақстанның астықты қайта өңдеушілер одағы», «Қазақстанның фермерлер одағы», «Атамекен» одағы» ҰЭП өкілдері бар. «Еуразия сауда жүйесі» сауда биржасы АҚ Басқарма төрағасы Құрмет Оразаевтың айтуынша, жаңа құрылған комитет астықпен сауда-саттықтың тәртібі мен шарттарын оңтайландыруға, астық нарығы бойынша ортақ ақпараттық базаны құруға, үдерістерді, оның ішінде логистикалық үдерістерді бірізге салуға мүмкіндік береді. Ал «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Оспановтың пікірінше, комитетте астықпен биржалық сауда-саттықты одан әрі жетілдіруге қатысты барлық ұйымдастыру мәселелері жинақталуы және талқылануы керек. Орта мерзімді келешекте ықтимал сатып алушыларды барынша қанағаттандыратын жағдай жасау, сондай-ақ биржалық саудаға ақпараттық қолдауды арттыру есебінен жасырын саудаға қатысушылардың санын ұлғайту, ұсақ және орта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді тарту қажет болып отыр. Бұл ретте «Атамекен» одағы» ҰЭП төрағасының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаевтың пірікінше, Азық-түлік келісім шарт корпорациясының биржалық саудаға шығуы барынша айқындылықты қамтамасыз ететін және отандық бизнестің сұрауына толық сәйкес келетін «серпіліс» болып табылады. Сонымен қатар, ол астық нарығының басқа қатысушыларын Азық-түлік келісім шарт корпорациясынан үлгі алуға және бизнесті жүргізудің анағұрлым ашық әрі айқын құралы ретінде Қазақстанда биржалық сауданы дамытуды қолдауға шақырды. Еске сала кетейік, «Еуразия сауда жүйесі» АҚ 2008 жылы құрылды. Биржадағы алғашқы сауда-саттық 2009 жылы наурызда өткізілген болатын. Сауда биржасы биржа тауарларымен споттық және мерзімді саудаларды жүргізуге бағытталған. ЕСЖ сауда-саттығына қатысушылары - өнімді ақырғы тұтынушылар, қазақстандық және халықаралық брокерлер. Биржа ішкі және сыртқы сауда саласында мемлекеттік реттеу тетіктерін, сауда операцияларының айқындығын жетілдіру, сондай-ақ делдал болдырмау арқылы елімізде ұйымдастырылған көтерме рынокты дамыту мақсатында құрылған. Қазіргі уақытта биржада споттық сауданың төрт секциясы жұмыс істейді Олар: ауыл шаруашылығы өнімдері, мұнай өнімдері, металдар және өнеркәсіптік тауарлар, сондай-ақ мерзімді рынок секциясы. «Еуразия сауда жүйесі» сауда биржасының акционерлері «Московская Биржа ММВБ-РТС» ЖАҚ (61,3%), ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (37,7%), миноритариялар - 1% болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін