Баға, қайда барасың? Халыққа керегі - тұрақтылық - kaz.caravan.kz
  • $ 519.61
  • 610.13
+2 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Баға, қайда барасың? Халыққа керегі - тұрақтылық

Баға, қайда барасың? Халыққа керегі - тұрақтылық

Қазіргі уақытта экономикалық реформа жасау оңай нәрсе емес. Себебі әлемдегі барша экономикалар шатқаяқтап тұрғанда өз еліңде реформа жүргізудің күрделі мәселелері болуы мүмкін. Содан болар, экономикалық реформаның елге жағымсыз салдарын азайту деген түсінік бар. Осы тұрғыдан алып қарағанда Президенттің үкіметке берген тапсырмасы да жағымсыз салдарды азайтуға негізделген.

  • 17 Желтоқсан
  • 143
Фото - Caravan.kz

Экономикалық реформаның елге жағымсыз салдарын азайту тапсырмасына байланысты үкімет жақында бағаға, салыққа және несие беруге қатысты бірнеше өзгеріс енгізді. Ол қандай өзгерістер және бұл жайлы пікірлер қандай? Caravan.kz тілшісі жалғастырады.

Үкімет қабылдаған шаралар

Біріншіден, қазан айында АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мараторий енгізілді. Соған қарамастан ең көп құйылатын АИ-92 маркалы бензинінің бағасы өсіп отыр. Яғни, тыйым жұмыс жасамай отыр. Ресми түрде баға литріне 239 теңгеден аспауы керек. Алайда ірі жанармай құю станцияларында бұл көрсеткіш 241 теңгеге жеткен.

Екіншіден, коммуналды қызметтердің тарифін көтеру 2026 жылдың I-тоқсанының соңына дейін тоқтатылды. Яғни мораторий тек коммуналдық қызметтер тарифтерінің, атап айтқанда су, жылу, электр энергиясы, газ сияқты ресурстарды жеткізу бағасының көтерілуіне ғана қатысты. Көппәтерлі үйді басқару және ұстау ақысы коммуналдық қызметке жатпайды, оның мөлшері жалпы жиналыстың шешімімен және есептеу әдістерімен анықталады, сондықтан мораторий оған әсер етпейді.

Үшіншіден, оңайлатылған деклорация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын артық шектеулер алынып тасталатын болды. Кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері жасалады, және салық органдарының тексеруілері азайтылады. 

Тағы бір маңызды өзгеріс, салықтан қарызы бар адамдарға бұдан былай айыппұл салынбайды. 

Өзгерістердің ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін ипотеканың көлемі екі есі ұлғаятыны айтылды. Қосымша 500 млрд теңге бөлінбек. 

Автокөлікті лизингке беру де ұлғайтылады. 

Үкіметтің шағын және орта кәсіп иелеріне жеңілдетілген салық режимін сақтауын және камералдық бақылауды алып тастауын қолдайтындар көп. Бастысы, кәсіпкердің жұмыс істеуіне жағдай жасау. Жағдай жасалса, ол салықты уақытылы төлейді, көлеңкелі экономикаға бармайды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген режимде 3%-дық салық төлеуге мүмкіндік бетабыс көзі көбейеді. Яғни, бюджетке түсім де артады деген сөз. 

Сарапшылардың пікірінше, бюджеттің артуы тек салыққа байланысты емес. Ол нарықтың дамуына, экспорт пен импортқа, доллардың бағамына, және Ұлттық банктің мөлшерлемесіне байланысты. Ал нарықтың жазылмаған қағидасына салып қарағанда, бағаны әдейі өсірмей ұстап тұру экономикаға пайда әкелмеуі мүмкін. Мұндай шара әдетте қосымша сипатқа ғана ие. Ал баға нарықты дамытатын негізгі факторлардың бірі. Сондықтан болар, қазіргі салық реформасы, жанармай бағасын еркіне жіберу, тарифтерді өсіріп энергетика кешенін жаңарту сияқты жаңашылдықтар қатар жүріп жатыр. 

Бұл кезде уақытша қиындықтар болмай тұрмайтыны белгілі. Дегенмен, баға еркіне жіберілмейтінін аңғартатын ең негізгі көрсеткіш — ең төменгі жалақының көлемі. Егер баға шарықтай беретін болса, ең төменгі жалақы мөлшері де көбеюі тиіс. Ал Үкімет ең төменгі жалақыны үш жылдан бері 85 000 теңге деңгейінде ұстап отыр. Келесі жылғы бюджетте де осы сома қалады деген болжам айтылып жатыр. Соған қарағанда инфляцияны өсірмеуге күш салынатын болса керек. 

Бұл экономиканың тұрақтылығы мен инвестицияның тоқтамауына байланысты. Инфляция табысты құнсыздырмауы керек. Үкіметтің келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін жанармай бағасы мен коммуналды қызметтердің тарифі өспейді дегені осы жағдайларға байланысты. 

Алайда, ең төменгі жалақы көлемін аз деп жатқандар да бар. Шынында, қазіргі заманда 85 000 теңгеге өмір сүру қиын. 

Баға, қайда барасың?

Осы жерде қымбатшылықтың шарықтап бара жатқанын айта кеткен жөн. Ұлттық статистика бюросы 1 желтоқсанда жылдық инфляция 12,4% болғанын хабарлады. Алайда күнделікті тұрмыста, психологиялық тұрғыдан алғанда, бұл көрсеткіш кем дегенде 50% сезіледі. Ал жекелеген өнімдер бойынша бағаның өсуі бұдан да жоғары.

Бағаның күрт қымбаттауы қазақстандықтардың тұрмысына әсер етпей қоймады. Халықтың басым бөлігі бір жыл ішінде қалыпты шығын болып көрінетін заттардан бас тарта бастаған, себебі қалталары көтермей барады. 

Әлеуметтік желіде тараған пікірлерді оқысақ, ең жиі шағымданатын өнім — шоколад.

«Қазақстандық “Рахат” шоколады. Бір плиткасы — 1095 теңге! Ақылға сыймайды! Жақында ғана 950 теңге еді ғой. Ал  2-3 жыл бұрын 450-500 теңге болатын»

«2011 жылы Жаңа жылға 100 граммдық плиткасын 65 теңгеден алғаным есімде. Қызметкерлерге сыйлық пакеттерін жинағанмын».

«Milka шоколадын айтсаңызшы. Бұрын 900 теңге еді, қазір 1600 теңге».

«Печеньесі бар Milka Tuc. Бұрын 400 теңгеге алатынмын, қазір 2 мың теңге».

Ет пен балық

Екінші орында — ет пен балық. Әсіресе қақталған скумбрияның бағасы халықты шошытты. Олар тіпті әзілдеп, несиесіз ала алмайтындарын айтып жатыр. 

«Бағасын көргенде шынымен шошыдым. Бір балық сатып алу үшін үш сағат жұмыс істеуім керек».

«Бүгін бір балықты 4 мың теңгеге алдым.».

«Иә, қазір дүкенде бір килосы 8 мың теңге».

«Бәрі қымбаттаған соң, жылқы етін алуды қойдық. Жаңа жылға, бәлкім, мереке деп бешбармақ жасармыз, ол да екіталай».

Жалпы, соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегеніне қарамастан,кейбір өңірлерде өсім тіркелген. Инфляция Ұлытау, Ақмола және Атырау облысында қарқынды өсіп жатыр. 

Негізгі себеп — азық-түлік бағасының өсуі.

«Өңір әкімдерінің азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған барлық құралдары бар. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет», — деді Премьер-министр.

Үкіметтің пікірінше, инфляциялық үдерістерді тежеу үшін 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Бірлескен іс-қимыл бағдарламасының іске асырылуын қатаң бақылауда ұстау қажет.

Еске сала кетейік, Қазақстанда сауда үстемесі реттелетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін кеңейту жоспарланып отыр. Бұрын 19 өнім түрі болса, енді олардың санын 33-ке жеткізу ұсынылуда. Олардың қатарына әртүрлі ет түрлері, балық, қызанақ, алма және басқа да өнімдер кіреді.

Бұған дейін тізімде сиыр етінің тек жауырын-төс бөлігі ғана болса, енді әлеуметтік маңызы бар өнімдер қатарына сүйексіз сиыр еті, тартылған ет (фарш), сүйекті қой еті, сүйекті жылқы еті енгізілмек. Тауықтың сан еті мен жамбасы ғана емес, жеке санат ретінде «тауық еті» де қосылуы мүмкін.

Сондай-ақ тізімге балықтың бірнеше түрін енгізу жоспарланып отыр: жаңа немесе салқындатылған балық (лещ, мөңке, көксерке, шортан, сазан, рипус) және мұздатылған балық (көксерке, минтай, хек, камбала, скумбрия, сазан).

Көкөністерден қияр мен қызанақ, жемістерден алма, сүт өнімдерінен — ультрапастерленген және стерильденген сүт, қаймақ, қатты ірімшік қосылуы мүмкін. Сонымен қатар қара шайдың бағасын да реттеу ұсынылуда.

Мұндай өзгерістер кәсіпкерлердің көңілінен шықпай отыр. Бізге жазған кәсіпкердің жазуынша, бұлай болса нағыз монополия пайда болады. 

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің санын көбейтеміз дейді. Олардың үстінен 15% ғана қоса аламыз, бірақ қазір әр тауардың шығыны 14-16% -ға жетеді. Сондай-ақ сәуірден бастап алкоголь сатуға лицензиялармызды алып қоймақ. Бұл дегеніміз үй жанындағы дүкендердің жаппай жабылуына әкеледі. Солай супермаркеттердің монополиясы басталады. Бәсекелестіктің жоқтығы мен монополия кесірінен бағалар да өсеуі мүмкін», — дейді кәсіпкер Сергей Леков. 

Қазақстандықтардың бар табысы тамаққа кетеді 

Шығын құрылымына келсек, ең үлкен үлесті тұтынушылық шығындар алып отыр. Орта есеппен бір адамға шаққанда тоқсан сайын азық-түлік тауарларына 163 072 теңге, азық-түлік емес тауарларға 63 253 теңге жұмсалады. Ал ақылы қызметтерге 57 683 теңге кетеді.

Сонымен қатар шығындар құрамына алименттер мен туыстарға көрсетілетін көмек, салықтар, әртүрлі төлемдер, қарыздар мен несиелер де кіреді.

Жалпы алғанда, соңғы уақытта жағдай айтарлықтай өзгерді деу қиын. Бұрынғыдай, қазақстандықтардың шығындарының негізгі бөлігін азық-түлік тауарлары құрап отыр — 52,4%.

Бұл көрсеткіш Азия мен Африкадағы кедей елдердің деңгейіне сәйкес келеді. Ал дамыған елдерде азық-түлікке жұмсалатын шығын, әдетте, 15%-дан аспайды.

Перейти к новостям спорта