Жарияланды: 30

Бәйдібекте қойшы өзіне сеніп тапсырылған 60 бас ұсақ малды сатып жіберген

Бәйдібекте қойшы өзіне сеніп тапсырылған 60 бас ұсақ малды сатып жіберген

Түркістан облысының полицейлері құны 2 миллион теңгеден асатын малды ысырап еткен малшыны ұстады.

Түркістан облысы полиция департаментіне қарасты Бәйдібек АПБ кезекші бөлімшесіне жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Арызданушы бақташыға сеніп тапсырылған 600-ге жуық ұсақ малының ішінен 60 бас малының жоқ екенін жеткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Аталған арыз тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлері бірден бағыт алып, тексеруді бастап кетті. Ауыл-аймақтың барлық жайылым жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан сұрақ-жауап алынды, сонымен қатар мал базарлар мен мал тасымалдайтын көліктер тыңғылықты тексерілді. Тәртіп сақшылары бақташының өзіне сеніп тапсырылған ұсақ малды жымқырып, мал иесіне 2 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін анықтайды» делінген хабарламада.

Тергеу барысында белгілі болғандай, бақташы өзіне сеніп тапсырылған малды біртіндеп, иесіне байқатпай сата бастаған. Сатқан ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Күдікті бүгінгі таңда ешқайда кетпеу туралы қолхат жазды. Ол бұрын сотты болмаған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып, күдіктінің бұдан да басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал жайылымында малды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ бақташыға сеніп тапсырылған төрт түлікті де жиі қадағалап тұрған жөн.

«Төрт түлігіңіз жоғалса немесе ұрланса, уақыт жоғалтпай шұғыл түрде полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз. Бұл қылмыскерлерді ізін суытпай құрықтауға көмектеседі» деп ескертеді полиция департаменті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін