Федералдық ғарыш орталығы баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Еуропалық ғарыш агенттігінің аппараты АН-124 «Руслан» ұшағымен Тулузадан сынақтан кейін жеткізілді. Ғарыштық аппарат тиелген транспорттық контейнерлер №112 алаңның монтаждау-сынақ корпусындағы Starsem компаниясының камерасына жеткізілді.
Venus Express ғарыш аппараты Венераға жіберілетін ғарыштық зонд болып табылады. Венера ғаламшарын зерттеу жөніндегі бұл жоба туралы ұсыныс 2001-жылы жасалған. Ол Еуропалық ғарыш агенттігінің ғылыми бағдарламасына 2002-жылы енгізілді.
Аппараттың өзі 2003-жылы Марсқа жіберілген Mars Express зондының үлгісі бойынша жобаланған. Venus Express жобасы Венераның атмосферасын зерттеу мақсатын көздейді.
Venus Express аппараты «Союз-ФГ» зымыран тасығышы мен «Фрегат» үдеткіш блогының көмегімен 2005-жылдың қазан айында ұшырылады деп межеленген.
Сонымен бірге айлақта АҚШ-тың «Galaxy-14» телекоммуникациялық аппаратын «Союз-ФГ» зымыран тасығышымен жер орбитасына шығаруға дайындық жұмыстары жалғасуда. Ол 15-тамызда аспан кеңістігіне жол тартады. Қазір монтаждау және сынақ алаңдарында зымыран тасығыш пен ғарыштық аппаратты құрастыру жұмыстары аяқталып келеді.
31-алаңда Жапонияның OICETS және INDEX ғарыштық аппараттарын ұшыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл аппараттар «Днепр» зымыран тасығышының көмегімен 2005-жылдың 24-тамызында ұшырылады.