Бұған дейін «Бриз-М» үдеткіш блогы мен «Протон-М» жүк кемесі ғарыштық аппаратты алып 1-желтоқсанда ұшады деп межеленген болатын.
«АМС-23 Тынық мұхит аймағы мен Солтүстік Американың батыс бөлігін байланыс қызметімен, Интернетпен және сандық бейнехабарлар таратумен қамтамасыз етуге тиіс. Жер серігін жасауға тапсырыс берген иесі — «SES Americom» компаниясы болып табылады»,- дейді «Роскосмос» агенттігіндегілер.
Желтоқсанда Байқоңырдан бұдан басқа да үш ұшырылым межеленген. Мәселен, 21-желтоқсанда Халықаралық ғарыш станциясының бағдарламасы бойынша «Прогрес-М» жүк кораблін ұшыру жоспарланған. Корабльді жер орбитасына «Союз» зымыран-тасығышы шығарады.
Сонымен бірге Байқоңырда үш бірдей «ГЛОНАСС» ғарыш аппаратын ұшыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Протон-К» зымыран тасығышы жер серіктерін алып 25-желтоқсанда ұшырылады. Федералдық ғарыш агенттігінің түсініктемесіне сәйкес, «ГЛОНАСС жүйесінің басты мақсаты — тұтынушылардың орналасқан жерін анықтауды қамтамасыз етуге саяды».
Ал 26-желтоқсанда Байқоңыр ғарыш айлағынан Еуропаның «Galileo» (GSTB-V2/A) атты бірінші ғарыштық аппараты Ресейдің «Союз-ФГ» зымыран-тасығышының көмегімен ұшырылады. Жер серігін Ұлыбританияның «Surrey Satellite Technology» компаниясы жобалап жасады. «Еуропаның Galileo навигациялық жүйесі Еуропалық комиссия мен Еуропалық ғарыш агенттігінің бастамасы бойынша жасалған. Осынау ғаламдық позиция жүйесі Ресейдің ГЛОНАСС жүйесінің баламасы болып табылады»,- дейді «Роскосмос» ғарыштық агенттігіндегілер.