Мән-жайын көпшілікті теріскейге көшуге шақырып жүрген белсенді Бурахан Дақановтан сұрап білдік, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы.
— Сіз құрған Тәуекел ұйымы немен айналысады?
Біз қазір тек үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Мемлекеттік бағдарламаның нәтижесін арттыру біздің басты мақсатымыз. Өкінішке орай бізге үкімет тарапынан қолдау көрсетілмей тұр. Мәселен, осы көшке қатысты барлық ақпараты төрт тілде тұратын платформа, колл орталықтар болса дейміз. Үкіметтен 3-4 рет көмек сұрадық. Бірақ, қолдау жоқ.
Ұйымда жергілікті азаматтар, 1-2 ақсақалымыз бар. Ұйымдағы ешбірі жалақы алмайды. Бәрі ерікті түрде жұмыс істеп жатыр.
— "Солтүстіктің жері мал шаруашылығына өте қолайлы" деп үгіттеп жүресіз. Көшіп келушілерге осы шаруашылықпен айналысуға қолдау бола ма?
Көшіп келушілерге шаруашылықпен айналысуға арнаулы көмек жоқ. Бірақ, қайтарымсыз гранттар бар. Ол гранттар негізі бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейді. Дегенімен, халқының саны көп Түркістан облысынан гөрі Солтүстіктен жеңіп алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғарырақ. Грант алып, қазір кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтарымыз баршылық.
Жалпы, Солтүстікке көшіп келген азаматтардың ішінде мыңғырған малын бағып, үлкен кәсіптерін ашып байып кеткендер де, өкінішке орай әлі күнге қатарға қосыла алмай отырғандар да бар. Менің айтарым, солтүстікке көшіп келетін азамат жоспарымен келу керек. «Барғанда не істеймін, немен айналысамын?» дегендей.
Мен солтүстіктің жері шұрайлы, көлі құс пен балық өсіруге қолайлы болғасын ауыл шаруашылығы туралы көп айтып жүрмін. Менің мұным дұрыс емес. Оңтүстікте қандай бизнес көздері бар біздің Солтүстікке де дәл сол кәсіптерді жүргізуге мүмкіндік бар. Мысалы, тамақтану желілері, сауда саттық, киім, қайта өңдеу салаларын білетін азаматтарға зәруміз.
— Оңтүстіктегі жұрт солтүстіктің қысынан қорқатын шығар?
Оңтүстікпен салыстырғанда бұл жақта қыс ұзағырақ. Қазанның аяқ жағында қар жауа бастайды. Содан сәуірдің ортасына дейін қар жатады. Солтүстікке көшіп келетін азаматтар, бұл жақта газ жоғын ескеру керек. Баяғыдай ағаш, көмірін жағады. Көктем, жаз айларында көшіп келсе жергілікті халықпен араласып үйренісіп кетеріне сенімдімін. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Көп жұрт Солтүстікті Сібір сияқты көреді. Ұзақтығы болмаса қатты қыс жоқ.
Талдықорғаннан көшіп келгеніме 2 жыл болды. Жан қинап, үсіп қалатын суық байқамадым өзім.
— Үйлердің сапасына қатысты мәселе шешілді ме?
Үйлер тендермен салынған. Биыл екінші жыл үкімет тарапынан үй салу мүлдем тоқтатылды. Өйткені, үйлердің сапалары көңіл көншітерлік болған жоқ. Бірақ, үкімет қазір көшіп келушілерге осы жердегі жергілікті үйлердің бірін сатып алуға үйдің жарты қаражатын береді. Үй бағалары өте арзан. Мектебі 4-сыныптық ауылдар бар бізде. Ол ауылдарда үйлердің бағалары 800 мыңның төңірегінде болады. Ал мектептері 11-сыныптық ауылдарда үйлер 2,5 миллионнан 4 миллионға дейін.
— Көшіп барған қазақтар орысша білмегені үшін қиналады деген қаншалық рас?
Солтүстікте 13 аудан бар. Мамлютка ауданын алатын болсақ 4-ақ қазақ ауылы бар. Қалғанында өзге ұлт өкілдері тұрады. Сондай елді мекендерде жұмыс істесе, тіл жағынан қиындықтар болатыны рас. Одан қорқудың орнына, орнығып сол жердегі қазақтардың санын арттырамын деген мақсат қою керек деп ойлаймын.
— Пәкістандағы қазақтарды көшіру туралы бастама көтеріп жүр едіңіз…
Жақсы жаңалық әзірге болмай тұр. Ол кісілер ыстық-суық демейміз деп атамекенін аңсап отыр. Бірақ үкімет тарапы оларды елге қайтару жағына салғырт қарап отыр.
— Өзіңіз отбасымен көшіп келдіңіз ғой? Үйренісу жағы қалай болды?
Өзім Солтүстікке әйелім, 4 баламмен тәуекел етіп келдім. Менде аса бір қиындық болған жоқ. Бірден адаптацияға түсіп кеттік.
— Сұхбатыңызға рақмет!