«Байқоңырды жалға беруді доғару керек»: Қазақстан өз ғарыш айлағын неге пайдалана алмай отыр? - kaz.caravan.kz
  • $ 512.44
  • 593.15
+21 °C
Алматы
2025 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Байқоңырды жалға беруді доғару керек»: Қазақстан өз ғарыш айлағын неге пайдалана алмай отыр?

«Байқоңырды жалға беруді доғару керек»: Қазақстан өз ғарыш айлағын неге пайдалана алмай отыр?

Байқоңыр – тек өткеннің тарихы емес. Ол Қазақстанның болашақтағы дербес технологиялық мемлекетке айналуына берілген үлкен мүмкіндік.

  • 22 Мамыр
  • 27
Фото: Яндекс карты

Байқоңыр – тек кешегі тарихтың куәсі емес, болашақтың кілті де болуы мүмкін. Бірақ қазіргі таңда бұл стратегиялық маңызды нысан толықтай Қазақстан мүддесіне жұмыс істеп жатқан жоқ.Байқоңырдың болашағына алаңдаулы сарапшылар шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Caravan.kz медиа порталы тарқатады. 

Ғарыш айлағы еліміздің аумағында орналасса да, әлі күнге дейін Ресейге жалға беріліп келеді. Бұл жағдайға қатысты Сенат депутаты Андрей Лукин дабыл қағып, Қазақстанның ғарыш саласын түбегейлі дамыту керек екенін айтты. 

Байқоңыр — әлемдегі ең алғашқы және ең ірі ғарыш айлағы. Ол 1955 жылы КСРО кезінде салынып, 1957 жылы әлемдегі алғашқы жасанды жерсерік – «Спутник-1» және 1961 жылы Юрий Гагаринді ғарышқа ұшырған тарихи орын ретінде танымал болды. 

1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған соң, Байқоңыр Қазақстан аумағында қалды. Алайда 1994 жылы Қазақстан мен Ресей арасында келісім жасалып, ғарыш айлағы Ресейге 20 жылға жалға берілді. Кейін бұл мерзім 2050 жылға дейін ұзартылды. Ресей бұл үшін Қазақстанға жыл сайын 115 миллион доллар төлейді. 

Бүгінде Байқоңырда Ресейдің «Роскосмос» корпорациясы өз ғарыштық бағдарламаларын жалғастыруда. Қазақстан жағынан «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы мен «Ғарыштық зерттеулер орталығы» жұмыс істейді, бірақ олардың мүмкіндігі шектеулі. 

2000-жылдары Қазақстан өз ғарышкерлерін дайындай бастады, мысалы Айдын Айымбетов, және екі «KazSat» байланыс спутнигін ғарышқа ұшырды. Дегенмен, бұл жетістіктер Қазақстанды дербес ғарыштық держава деңгейіне көтере алған жоқ. 

Қазақстанның Байқоңырды толық пайдалана алмау себебі көп. Біріншіден, бұл – технологиялық және қаржылық тәуелділік. Ғарыш айлағындағы инфрақұрылым мен зымыран жүйелері Ресейге тиесілі немесе ресейлік стандарттарға бағынады. 

Екіншіден, маман тапшылығы бар. Ғарыш саласында жұмыс істейтін білікті кадрлар аз, ал салалық университеттер мен зерттеу базалары енді ғана дамып келеді. 

Үшіншіден, бұл – геосаяси фактор. Байқоңырдың халықаралық маңызы жоғары. Ресей бұл нысанды оңай бере салмайды, ал Қазақстан тарапынан толықтай иелік етуге әзірлік жеткіліксіз. 

Сенатор Лукин Қазақстан тек аренда беруші ел болып қалмай, ғарыш саласының белсенді қатысушысына айналуы керек дейді. Ол өз депутаттық сауалында нақты ұсыныстар жасады. 

«Басты бағыттардың бірі ретінде университеттер мен стартаптардың қатысуымен шағын жерсеріктер жасау болуы мүмкін. Сондай-ақ жерсеріктерді басқару орталығын кеңейтіп, Қазақстанды ғарыштық қызметтердің экспорттаушысы ретінде таныту маңызды. Оған өндіріс, ұшыру және технологиялық сүйемелдеу кіреді», — деді Лукин. 

Оның айтуынша, Қазақстанды ғарыш қызметтерін, яғни жерсерік жасау, ұшыру және техникалық қолдауды экспорттайтын елге айналдыру керек дейді. Сонымен қатар:

— жерсеріктік мәліметтерді ауыл шаруашылығында, құрылыс саласында, экологияда және төтенше жағдайларды басқаруда пайдалану,

— ғарыш саласына арналған инженерлік факультеттер ашу, жас мамандарға тағылымдамалар ұйымдастыру, 

— супержеңіл зымыран-тасығыш жасап, ғарышқа ұшыру.  

— Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құру.

Лукиннің ойынша, бұл қадамдар Қазақстанның технологиялық дербестігіне жол ашып, ғылым мен өндірістің жаңа деңгейге көтерілуіне себеп болады. 

Қазақстанда ғарыш саласын дамытуға мүмкіндік те, ниет те бар. Бірақ бұл үшін саяси ерік, ұзақмерзімді даму стратегиясы, кәсіби кадрлар базасы, ғылым мен өндірістің үйлесімі қажет. 

Егер Қазақстан Байқоңырды біртіндеп өз қолына алып, оны ұлттық технологиялық орталыққа айналдырғысы келсе, осы бастан нақты әрекеттерге көшуі керек. Бұл ұзақ әрі күрделі жол болуы мүмкін. Бірақ егер бүгін бастамасақ, ертең тым кеш болуы ғажап емес. 

Байқоңыр – тек өткеннің тарихы емес. Ол Қазақстанның болашақтағы дербес технологиялық мемлекетке айналуына берілген үлкен мүмкіндік.