Отырыстың жұмысын қорытындылаған Әзербайжан мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы Кямаледдин Гейдаров Баку бас қосуы Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің кеден қызметтері арасындағы ықпалдастықты нығайтуға ықпалын тигізбек.
Түрлі елдердің кеден қызметтерімен арабайланысты кеңейту Әзербайжан мемлекеттік кеден комитеті үшін басым бағыт екенін айтқан ол бұл салада белсенді қадамдар жасалып жатқанына тоқталды.
Өз кезегінде Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Асхат Оразбай кеден мекемелері тарапынан кедендік тәртіптерді үйлестіру және Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасындағы сауда-саттықты жеңілдету тұрғысында нақты қадамдар жасап жатқанын және бұл өзара ынтымақтастықты нығайтып, сауда-саттықты дамытуға жағдай жасайтынын атап өтті.
Бүкіләлемдік кеден ұйымының бас хатшысы Мишель Дане өзі басқаратын ұйым тарапынан аймақтық ынтымақтастық жобаларын жүзеге асыруға және Экономикалық ынтымақтастық ұйымына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ол аймақтағы жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оны жеңілдетуде Бүкіләлемдік кеден ұйымының жауапкершілік жүктейтінін және ұйымның Экономикалық ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастыққа әзір екенін білдірді.
Үш күнге созылған бас қосу барысында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының контрабанда мен кеден тәртіптерін бұзуға қатысты мәліметтер қорын құрып басқару мәселесі мен осы жөніндегі келісімнің жобасын жасау туралы талқыланды. Сонымен бірге шығу тегі туралы сертификат беруге қатысты ұсыныстар келісу үшін Экономикалық ынтымақтастық ұйымының хатшылығына тапсырылды. Отырыста Экономикалық ынтымақтастық ұйымы мен Бүкіләлемдік кеден ұйымы арасындағы өзара түсіністік меморандумы шеңберіндегі түсіністік тетіктері, Азия даму банкі тарапынан ұйымға мүше елдерге транзитті сауда-саттықты дамыту мен сақтандыруға техникалық қолдау көрсету мәселелері қозғалды.
Экономикалық ынтымақтастық ұйымын 1985-жылы Иран, Түркия және Пәкістан мемлекеттері бірлесіп құрған. 1992-жылы бұл ұйымға Ауғанстан мен Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сынды бұрынғы Кеңестік республикалар бірікті. Экономикалық ынтымақтастық ұйымының басты мақсаты — мүше-мемлекеттер арасында етене жақын сауда-экономикалық қарым-қатынас орнату, энергетика, өнеркәсіп және ауылшаруашылығы саласындағы аймақтық байланыстарды нығайту болып табылады.
Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер 300 млн халқы бар 7 млн. шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Ұйымның бас пәтері Тегеранда орналасқан.