Жарияланды: 420

Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы негізгі экспорттық мұнай құбырын салу жөніндегі жобаға бірігу туралы Әзербайжан мен ҚР үкіметі арасындағы келіссөздер табысты жүргізіліп жатыр - BP Azerbaijan президенті

Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы негізгі экспорттық мұнай құбырын салу жөніндегі жобаға Қазақстанды біріктіру мүмкіндігі туралы Әзербайжан мен Қазақстандық жұмыс топтары арасындағы келіссөздер табысты жүргізіліп жатыр. Бұл туралы 22-желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында BP-Azerbaijan компаниясының президенті Дэвид Вудворд мәлімдеді ,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Баку қаласынан.

Д.Вудвордтың айтуынша, Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан жобасына біріктіру жөніндегі кезекті келіссөздер сатысы осыдан 1-2 апта бұрын Лондонда өтті. Кезекті кездесу 2004-жылы өтіп, онда тараптар Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық рамкалы келісімнің жобасын дайындауы тиіс. Алайда, Д.Вудвордтың атап көрсетуінше, Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы негізгі экспорттық мұнай құбырына бірігуге нақты қажеттілік Қазақстанда Қашаған кеніші өнеркәсіптік игеріле бастайтын 2007-жылдан кейін туындайды. Сондықтан, бұл келісімге қол қоюға асығудың қажеті әзірге шамалы. "Барлық мәселелер бойынша өзара мәмілеге келіп, Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге 2007-жылға дейін тараптардың уақыты жеткілікті",- деді Д.Вудворд. Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімнің жобасы "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның басқарушы директоры Қайыргелді Қабылдин мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев басқаратын жұмыс топтарының сарапшылары деңгейінде келісілгеннен кейін бұл құжат екі ел үкіметтерінің қарауына беріледі. Бұл келісімге Ақтау-Баку жүйесінің инвесторлары мен екі ел үкіметтері қол қойғаннан кейін өзара транзиттік келісімдерге қол қойылады. Ақтау-Баку жүйесін қалыптастыру үшін Ақтаудан оңтүстік -шығысқа қарай 76 шақырымда орналасқан Құрық айлағында мұнай сақтау және тасымалдауға арналған жаңа терминал салу, сондай-ақ, жалғастырғыш құбырлар тарту көзделген. Жүйенің мұнай тасымалдау қуаты жылына 20 млн. тоннаны құрайды, алайда алғашқы кезеңде 7,54 мың тоннаға дейін мұнай тасымалданады деп күтілуде. Инвестиция көлемі үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін анықталады. Жаңа жүйе Қашаған кенішінен алғашқы мұнай тасымалдана бастайтын мерзімге дейін саланып бітеді. Ақтау-Баку жүйесін басқару үшін жеке компания құрылады. Компанияның негізгі инвесторы міндетін Қазақстандағы Қашаған кенішін игеруге қатысушы, ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясында 15 проценттік үлес иемденетін Eni, TotalFinaElf, ConocoPhilips және Inpex тәрізді шетелдік 4 компания атқаратын болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін