BP-Azerbaijan компаниясының ақпаратына сәйкес, қазір бұл шараны жүзеге асыруға дайындық жүргізілуде. Салтанатты шараға Әзербайжан, Грузия және Түркияның жоғарғы лауазым иелері қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар шараға қатысу үшін Бакуге АҚШ энергетика министрі Сэмуэль Бодмэн келмекші.
Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиевтің айтуынша, мамыр айында мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі, ал шілде айында Грузиялық бөлігі мұнаймен толтырылады. Әзербайжан мұнайы тиелген алғашқы танкерді Жейхан айлағынан 2005-жылдың қыркүйегінде жөнелту көзделген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP — 30,1%, ГНКАР — 25%, Unocal — 8,90%, Statoil — 8,71%, TPAO — 6,53%, ENI — 5%, Itochu — 3,40%, ConocoPhillips — 2,50%, INPEX — 2,5%, TotalFinaElf — 5% және Amerada Hess — 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталған.