Бұл құжатқа Әзербайжан СІМ Эльмар Мамедъяров, Грузия СІМ Саломе Зурабишвили, Түркия СІМ Абдолла Гүл мен Қазақстан СІМ Қасымжомарт Тоқаев қол қойды.
Рәсімде сөз сөйлеген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бүгінгі күнді «тарихи» күн деп атады. «Бұл құбыр үлкен қиындықтар, қауіп-қатерлер мен сыртқы қысымды жеңу арқылы, ұзаққа созылған тар жол тайғақ кешудің арқасында тартылды»,- деді И.Әлиев. Оның айтуынша, мұнай құбырын пайдалануға беру нәтижесінде Әзербайжан экономикасы үлкен секіріс жасайды. Алайда үкімет тек энергетика саласын ғана емес, сонымен бірге мұнайдан басқа саланы дамытуға да көңіл бөледі, деді президент.
Баку-Тбилиси-Жейхан — Әзербайжан елінің энергетикалық стратегиясының бір құрамдас бөлігі. Ол аймақтан мұнай тасымалдаудың көп салалы бағыттарын қалыптастыруды көздейді. Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын пайдалануға беру елдің экономикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, аймақтағы қауіпсіздікті де нығайтады, деді Әзербайжан президенті. «Қуаты барған сайын арта түскен Әзербайжан өзінің аумақтық біртұтастығын қалпына келтіру, Қарабах шиеленісінің әділетті шешілуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды»,- деп мәлімдеді И.Әлиев. Бұған қоса ол аймақтағы экономикалық даму осы маңдағы басқа да этникалық араздықтарды реттеуге мүмкіндік береді деген пікір айтты.
Әзербайжан мемлекет басшысы бұл жобаның жүзеге асуына АҚШ тарапынан тұрақты саяси қолдау көрсетіліп келгенін ерекше атады. Ол сонымен бірге «Әзербайжан қоғамының ажырамас құрамды бөлігіне айналып, жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысқан» ВР компаниясы басқармаларының төрағасы лорд Джон Браун мен ол басқаратын компанияға ризашылық білдірді.
Әзербайжан мемлекет басшысы республика үкіметі тарапынан Әзербайжанға болашақта мұнайдан түсетін кірісті тиімді жұмсауға шаралар қолданып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, «мұнай сатудан түскен пайда жинақталатын Мұнай қоры құрылды, бұл кіріс республиканың барша азаматтарына пайда әкеледі және республика үкіметі осындай жағдайда қамтамасыз ету үшін барын салады».
Әзербайжан президенті мұнай құбырын салып іске қосуға қыруар күш жұмсаған ел мұнайшыларын құттықтады. Ол сонымен бірге рәсімге қатысушылардың арасында аталмыш мұнай құбырының «сәулетшісі» Гейдар Әлиевтің болмағанына өкініш білдірді.
«Мен Әзербайжан, Түрік және Грузия халықтарын осынау мерекемен құттықтап, баршаңызға табыс тілеймін»,- деді И.Әлиев.
Ал British Рetroleum президенті Джон Браун Әзербайжандық мамандар мен ВР компаниясының Әзербайжандағы әріптестерінің қатысуынсыз осынау жаһандық жобаны жүзеге асыру мүмкін емес еді деп мәлімдеді. «Осыдан 15 жыл бұрын бәрі де осындай жобаны жүзеге асыру мүмкіндігіне шүбә келтіріп, оны негізсіз деп таныған болатын. Ал бүгін Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры — ХХІ ғасырдағы ауқымды инфрақұрылымға, дүниежүзіндегі негізгі энергетикалық күретамырлардың біріне айналды. Ол ондаған жылдар бойы қызмет ететін болады. ВР компаниясы аймаққа ұлығаусар инвестицияның келуіне түрткі болғанына қуанады. Бұл инвестиция осы өңір халқының әл-ауқатына айтарлықтай әсер ететіні анық»,- деді.
BР-Azerbaijan компаниясының басшысы Дэвид Вудворд өз сөзінде таяу жылдары «Азери-Чираг-Гюнешли» жобасы аясында мұнай өндіру көлемі күрт артып, Сангачал терминалының ауқымы кеңейтілетінін хабарлады. Бұл терминал Каспий өңіріндегі ірі терминалға айналмақ. Мұнай өндіру және тасымалдау жобаларына жалпы алғанда 14 млрд. доллар көлемінде инвестиция жұмсалады.