Жарияланды: 630

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына несие беру жөніндегі қаржылық құжаттарға қол қою рәсімінде 4 келісімге қол қойылды

Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы экспорттық мұнай құбырын салуға несие беру жөніндегі қаржылық құжаттарға қол қою рәсімі кеше Баку қаласындағы Гюлюстан сарайында өтіп, шара аясында 4 келісімге қол қойылды.

KZ-today тілшісінің баку қаласынан хабарлауынша, бұл құжаттардың арасында Баку-Тбилиси-Жейхан құбыр жүйесі өтетін транзиттік аумақты иемденуші елдердің үкіметтері мен ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясының акционерлері арасындағы келісімді растау туралы құжат бар. Оған Әзербайжан, Түркия және Грузия үкіметтері, ВТС Со. мен жобаны несиелендірушілер қол қойды. Бұл келісіммен ВТС Со. компаниясының құқықтары мен міндеттері жоба кредиторларына да бірдей жүктеліп, оны кепілдік ретінде пайдалана алатындығы расталған. Сондай-ақ, Әзербайжан үкіметі, ВТС Со. мен жобаны несиелендірушілер арасында Әзербайжан атынан кепілдік беретін келісімге қол қойылды. Келісімде Баку-Тбилиси-Жейхан жобасы бойынша Әзербайжан Мемлекеттік мұнай компаниясы (ГНКАР) атынан төленетін барлық төлемдерге Әзербайжан тарапынан мемлекеттік кепілдік беру қарастырылған. Сондай-ақ, ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясының акционерлері мен жоба кредиторлары арасында жеке келісімге қол қойылып, онда тараптардың құқықтары мен міндеттемелері айқындалып, несиені қайтаруға кепілдікті қамтамасыз ету мәселесі реттелді. Қол қойылған төртінші құжат - жобаға несие берушілердің өз арасындағы келісім болмақ. Ол кредиторлардың өзара қарым-қатынасын реттейді. Келісімдерге қол қою рәсіміне қатысқан Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев "бұл - жобаны дамытудағы айрықша маңызды кезең" деп атап көрсетті. "Бүгін біз жобаны қаржыландыруға негіз қаладық. Халықаралық қаржылық институттар жобаға қолдау көрсету нәтижесінде жобаны жүзеге асыруға бағытталған соңғы қадам жасалды. Ал таяу уақыттарда біз құбырды пайдалануға беру салтанатына қатысатын боламыз дегенге сенемін",- деді И.Әлиев. Ал АҚШ мемлекеттік департаментінің Каспий аймағы жөніндегі өкілі Стивен Манның атап көрсетуінше, "Баку-Тбилиси-Жейхан жобасы АҚШ-тың Шығыс-Батыс атты энергетикалық жобалары арасында айрықша маңызды орын иемденеді". "Бұл жоба экологиялық нормалар мен ашықтыққа жаңа стандарт белгілеу арқылы әлемдегі басқа да мұнай жобалары үшін үлгі бола алады",- деді С.Манн. Қаржылық құжаттар топтамасына барлығы 208 құжат қамтылып, оларға түрлі 78 тарап 17 мыңнан астам қол қойды. Жобаға тартылатын несиелік қаржының жалпы көлемі несиелік проценттерді қоса есептегенде 2,6 млрд. долларды құрайды. Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі мұнай құбырын салуға тұтастай алғанда 2,95 млрд. доллар қажет. (несиелік проценттерді қоса есептегенде жобаның жалпы құны 3,6 млрд. долларға бағаланып отыр). Осы орайда естеріңізге сала кетсек, Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын салуға негізгі төрт топ несие бөледі. Бірінші топқа қамтылатын Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қаржы корпорациясы тәрізді халықаралық қаржылық ұйымдар өздері қаржы бөлумен бірге коммерциялық банктерге кепілдік береді. Ал екінші топқа экспорттық-несиелік агенттіктер кіреді. Олар АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Италия және Франция тәрізді әлемдік алты алпауыт мемлекеттен материалдар мен құрал-жабдықтар сатып алуды қаржыландыруға коммерциялық банктерге кепілдік береді. Ал үшінші топқа жалпы саны 10-30-дың айналасындағы коммерциялық банктер кіреді. Қаржыландырушы төртінші топқа BP, Statoil, ConocoPhillips және Total тәрізді 4 ірі компания қамтылады. Олардың арасынан BP 500 млн. доллар көлемінде, ал Statoil 170 млн. доллардан кем емес мөлшерде несие бөлуге дайын. Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%. Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталып, 2004-жылдың 4-тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі 2004-жылдың қыркүйек айына дейін, Грузиялық бөлігі 2004-жылдың қазан айына дейін, Түркиялық бөлігі 2004-жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. Түркиядағы Жейхан айлағынан Әзербайжан мұнайы 2005-жылдың екінші тоқсанынан бастап экспорттала бастайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін