ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бірінші оқиға 7 қазанда Жарсу ауылында болған. Жер үйдің ауласында 30 тонна пішен отқа оранды.
«Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер бірден жалынмен күресті. Cол жерге құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен 15 адам мен трактор тартылған. Алдын ала дерек бойынша өрттің шығуына балалардың сіріңкемен ойнауы себеп болды», — делінген ақпаратта.
Фото: ШҚО ТЖД
Келесі күні Қарабұлақ ауылдық округінде ашық аумақта 85 тонна пішен өртенді. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз пайдалану.
Тілсіз жаумен күреске өрт сөндірушілер, жергілікті тұрғындар, «Тарбағатай Мұнай» кәсіпорнының жұмысшылары мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен 16 адам мен 7 техника жұмылдырылған.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына жем-шөпті сақтаған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзбай, барынша абай болу қажеттігін ескертеді.
Фото:ШҚО ТЖД