Сенгіш, оң-солын танымаған жастарды көбіне отбасылы ер азаматтар алдап кетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аналар үйіне отбасы құрмаған жас аналар ғана келеді. Кейде күйеуі ұрып-соққан әйелдер көмек сұрайды. Бірақ олардың бәрі өзге дағдарыс орталығына бағытталып жатыр. Соңғы 4 жылда жұмыс тәртібі бір ізге түскен Аналар үйі қаладағы перзентханалармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Егер жас ана «баламнан бас тартамын» деген ойда болса, дәрігерлер хабар беріп, психологпен сөйлесуге, ақылдасуға барады. Кейде анасы ауруға шалдығып, баланың денсаулығында ақауы болса, екінші жолды таңдайды.
«Бізге перзентханадан хабар келіп, бардық. Онда жатқан жас ана психологиялық ауруға шалдыққан, арнайы тізімде тұр. Жүкті кезінде дәрігерге қаралмаған соң баласы да науқас екен. Біз жас анамен тілдестік, бірақ «балаң жаныңда қалсын» деп айтпадық. Ол емдеп, баланы қатарға қоса алмайтын жағдайда болды. Негізінен Аналар үйіне көбіне жастар келеді. Кейде ерекше жағдай кездесіп қалады. Мәселен, ауылда тұратын қыз 30 жасында жүкті болып, Аналар үйіне келді. Қыздардың көбі «ата-анама, бауырларыма сөз ермесін» деп бізді паналайды. Жасы біздің талапқа сай келмесе де оны қабылдап, жан-жақты көмек көрсетілді. Көбіне мұнда еріктілер құқықтық кеңес беріп, медиация тәртібімен іс шешіліп жатады. Кейде жігіттерге хабарласып, екі тарапты табыстыруға күш саламыз. Ер азаматтың батылы жетпейтін жағдайда ата-анасына хабар беріп, сәбидің ата-ана жанында қалуына септігін тигіздік. Бізге таяуда бір қыз түсті. Ол отбасылы жігіттен жүкті болған. Шын мәнінде, өзі сенген ер азаматтың отбасылы екенін білмеген. Балалы болған соң әкелік құқығын алуға көмектесеміз. Туған-туыстары да алып кетуге шешім қабылдап отыр», — деді Аналар үйінің үйлестірушісі Таңсұлу Лақова.
Аналар үйіне балалар үйінің тәрбиеленушілері жиі келеді. Ана махаббаты мен әке мейірімін көрмеген жастар жанындағы адамдарға сенеді, «қамқор боламын, ғашықпын» деген сөздерге алданады.
Аналар үйінде ана мен бала тек 6 ай тұра алады. Мұнда олар тігінші болуға машықтанады. Тамақ істейді, үй жинайды. Тіпті арнайы курстардан өтеді, торт, тоқаш жасауды меңгереді. Ал балалардың денсаулығын медицина қызметкері бақылап отырады. Аналар үйіне кәсіпкерлер, еріктілер жиі барып, көмек көрсетіп тұрады.
«Аналар үйіне түскен жас аналардың туған-туыстары болса, табыстырып, 6 айдан соң сол адамдардың қамқорлығына береміз. Ал жетім балаларды өмірге бейімдеуіміз керек. Сондықтан қысқа мерзімді курстарға оқытып, мамандық береміз. Пәтер жалдауға көмектесеміз. Бір қуантарлығы, Аналар үйіне келген әйелдердің тең жартысы тұрмыс құрып, отбасына оралып, өз жолын табады. Барлығы 4 жылда 113 ана келді, олардың балалары жанында қалды. Әрқайсысының тағдыры басқа, бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, бізге бір жігітті туған-туыстары әкелді. Ол ажырасқан, әйелдерден көңілі қалған. Жақындары ұзақ уақыт отбасы құрмаған жігітке алаңдап, бізге келді. Дәл сол уақытта жігіттің көңілінен шыққан ешкім табылмай, байланыс телефонын алып қалдым. Кейін бізге жүкті қыз келіп, көмек сұрады. Әкесі жүрек ауруына шалдыққан соң алданып, жүкті болғанын айта алмаған қызды сол жігітпен таныстырдым. Қазір олар отбасы құрып, екінші баласын дүниеге әкелді», — дейді Таңсұлу Лақова.
Қазіргі кезде өңірде бала асырап алушылардың мектебі жұмыс істеп жүр. Ақтөбе қалалық білім бөлімімен бірлесе атқарылатын жұмыс кезінде ата-аналар 12 сабаққа қатысады. Арнайы сертификат беріледі. Олардың әрқайсысында жеке кілтсөз болады. Сол кілтсөз арқылы тастанды, жетім балалардың тізімін көріп, өзі іздеген баланы бауырына баса алады. Арнайы сабаққа қатысу міндетті емес, бірақ курстан өткен адамдар баламен тіл табысуды меңгеріп, сәбилердің психологиясын үйренеді. Ал бұл өзгенің баласын өз бауырына басатын адам үшін қажетті қадам.
Аналар үйі бұрын мекенжайын жасырып, құпия ұстады. Қазір бәрі ашық, арнайы белгі ілінген. Әрі Аналар үйінің ұжымы көршілерімен тату тұрады, кейде үйде жоқ, аса қажетті заттарын сұрайды. Ал көршілері қиындыққа тап болған жас аналарды үнемі қолдап отырады.