Үкімет үйінде өткен кеңес барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының негізгі тәсілдерін мақұлдағанын, оның шеңберінде 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланғанын еске салды.
"Ұлттық жобаны іске асыруға жедел кірісуіміз керек. Алайда бүгінде өңірлердегі 143 мектептің жер учаскелерін анықтау бойынша сұрақтар шешілмеген. Бұл жұмысты барынша тездету қажет: қазан айының соңына дейін құрылысы 2023 жылы және жыл соңына дейін 2024 жылға жоспарланған мектептер бойынша мәселені шешу керек", — деді Әлихан Смайылов.