Балаларға нейропсихология арқылы әсер етіп отыр – журналист - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Балаларға нейропсихология арқылы әсер етіп отыр – журналист

Балаларға нейропсихология арқылы әсер етіп отыр – журналист

Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы, тәрбие алуы әрқашанда өзекті мәселе. Кез келген бала жаратылысынан шығармашылық, ізденгіштік қабілетке ие. Алайда оның дұрыс бағытта дамуы әрқилы.

  • 25 Қыркүйек 2018
  • 153
Фото - Caravan.kz

Әйтседе жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамыту үшін елімізде бірқатар арнайы басылымдар жұмыс істейді және олардың әрқайсысы баланың өнерге деген қызығушылығын арттыру жолында өзіндік бағыт-бағдар ұстанған. Солардың бірі «Ақ желкен» журналы.

Caravan.kz медиа-порталы тілшісімен «Ақ желкен» журналының бас редакторы Балжан Мұратқызы балалар шығармашылығына қатысты ой бөлісті.

— Жалпы балалар шығармашылығына байланысты қандай бәйгелер ұйымдастырып тұрасыздар?

— Балалардың шығармашылығын жариялаймыз. Бірақ, байқау түрінде емес. Ал қойылатын талаптары бұрын еш жерде жарияланбаған, интернеттен көшірілмеген, тек өзі жазып жүрген дүниелер болса жарыққа шығарамыз. Тұрақты жазып тұратын балаларға «Жас тілші» деген куәлік береміз. Негізі «Ақ желкен» журналының оқырмандары сегізінші сыныптан жоғары қарай студенттерге дейінгі балалар, әрі солардың шығармаларын жариялаймыз. Енді одан төменгі сынып оқушылары да жіберіп тұрса, біз оған қарсы емеспіз. Жариялай береміз. Бірақ, біздің журналдың мазмұны ересек балаларға арналғандықтан ересек балалардың шығармалары көбірек келеді. Байқау туралы айтсақ, бізде «Жас Өркен» ЖШС-і аясында «Ақ желкен», «Ұлан», «Балдырған», «Дружные ребята» деген төрт басылым бірге ғой. «Ұлан» басылымында көбіне бәйге ұйымдастырылып, «тілші болғым келеді» деген байқау өткізіліп тұрады.

— Ал балалар көбіне қандай тақырыпта шығармалар жібереді?

— Мысалы, ұстазына, ата-анасына, табиғатқа арнайды. Кейде өзінің қатарластарына көңілі толмайтындығын жазады. Негізі еркін тақырыпта жазып жібереді. Бізде «Жас қалам» деген айдар бар. Соған балалардың өлеңдерін жариялап тұрамыз. Сосын олар бізге кеңесуге келген кезде кішкене бағыт бағдар беріп, жол сілтейміз.

— Балалардан келген ерекше атап өтетін есте қалған шығармалар бар ма?

— Әрине бар. Мысалы бір оқушы қыздан «Біз онбыз» деген шығарма келді. Отбасында он бала екен және барлығы қыз бала екен. Жазған оқушының аты Жолдықыз болатын. Ата-анасы ұлдан үміттеніп сондай есімдер қояған. Сол шығарма есімде қалыпты. Содан кейін жеңіс күні қарсаңыда біздің оқушылардан өздерінің аталары туралы хаттар келеді. Соғысқа қатысып келмей қалған немесе қатысып келген ардагерлер туралы жазып жатады.

— Жалпы жарияланып жатқан осындай шығармалар балалар шығармашылығын дамытуға қаншалықты әсер етеді?

— Өте қатты әсер етеді. Бізде мысалы, кішкентай кезінен тұрақты түрде хат жазып тұрған балалар қазір өзімізде журналист болып жұмыс істейді. Дана Мұратова деген қыз кішкентай кезінен хат жазып, ылғи мақаласын жіберіп жүрді. Өсе келе ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсті. Қазір бізде жұмыс істейді. Сол сияқты Гүлдана Нұрмаханова, Таңшолпан Тілеген деген қазіргі журналистеріміз бір кездері хат жазып тұрған, жас тілші болған оқушылар. Басқа мамандық таңдағандары да бар. Бірақ көбіне журналист боламын дегендер хат жазып тұрады.

— Ал оқушылардың шығармаларын басылымға жариялау қай жылдары басталды?

— Ол «Пионер» журналы болып тұрған кезден басталды. Сол кездегі тігінділерді алып қарасаңыз, оқушылардың жазған шығармалары бар. Бұл сол кезден келе жатқан үрдіс.

— Соңғы жылдары балалардың шығармашылығында, жазуында немесе тақырып таңдауында даму бар ма немесе бұрнағы жылдармен салыстырғанда өзгешелік қандай?

— Мысалы, бұрынғы Пионердің тігіндісін ақтарып отырсам ол кездегі балалар өзінің ойын жазады екен. Ал қазіргі кезде келген хаттарды оқып отырсам, балалар осы заманның қатты өзгеріп кеткенін және біз соған сай болуымыз керек, оқуымыз керек, біз патриот болуымыз керек деген мағынада хаттар жазады.

— Оқушыларды қызықтыру үшін, басылым атынан бәйге ұйымдастыру жоспарда бар ма?

— Жоспарда бар. Бірақ нақты шарттарын белгілеп, нақты демеушілер тауып барып іске асырмасақ шашырап кетеді. Ол алдағы күндердің еншісінде .

Жалпы балалар шығармашылығы туралы айтқанда, біз мысалы басқа басылымдарды да қарап отырамыз. Сол кезде байқағанымыз, олар балалар шығармашылығынан көрі жарнамаға қатты мән береді екен. Балалардың суреті шықса болды. Бір сөзбен айтқанда оларға нейропсихология арқылы әсер етіп отыр. Яғни балалардың суретін шығарады, астына өлеңін береді. Бүкіл сыныбының суретін шығарады, бітті. Сонымен балалар шығармашылығы деген міндетті атқарып отырғандай болады. Ал біз балалардан шығарма келді ма, біз оны жетектейміз. Оған өзіміз хат жазып тұрамыз, неге жазбай кеттің деп іздеп тұрамыз. Жылына бір мәрте «жас тілшілер» деген форум өткіземіз. Соған шақырамыз. Онда да құр жібермей мықты журналистерден шеберлік-сыныптарын өткіземіз. Қаланың қай жеріне барамын десе, сонда апарамыз. Кіммен кездесемін десе кездестіріп, жетектеп отырамыз. Яғни, журналист болып шыққанға дейін қадағылап отырамыз. Республикалық болған соң, мемлекеттік басылым болған соң біздің жауапкершілігіміз жоғары.

— Яғни кері байланыс бар екен ғой

— Иә, көзге түскен балалардың міндетті түрде телефон нөмірлерін аламыз, ата-анасымен де байланысып тұрамыз. Каникулда олар бізге келеді. Студент болған кезде бізден тәжірибеден өтеді. Тапсырма алып тұрады, мақала жазып тұрады. Өсе келе өзімізге көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар