Дүйсенбі, 17 қыркүйек күні «Алишер Новои атындағы Кино сарайы» кинотеатрында «Өзбекстандағы қазақ киносының» салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара «Өзбеккино» Ұлттық агенттігімен бірлесіп Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігімен ұйымдастырылды.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР-ның ӨР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бөрібай Жексембин бұл іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орайластырылғанын атап өтті.
«6-7 қыркүйек күндері Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов Қазақстанда ресми сапармен болғаны белгілі. Мемлекеттер басшыларының бұл кездесуі екі ел ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеріп, серпін берді», — деп атап өтті ол.
Б.Жексембин атап көрсеткендей, алдағы күндері қазақстандық жаңа буын режиссерлардың картиналары, сондай-ақ кеңес кезінде түсірілген «Қыз жібер» фильмі көрсетілетін болады.
Бұдан бөлек, Ташкент кинотеатрында «Жерұйық», «Біржан сал», «Серкер» қазақ фильмдері көрсетілмек.