“Баламның қазасына қатысың болса құдай жазаңды берсін”: Журналист Арыстанбек Мұхамедиұлына қандай айып тақты - kaz.caravan.kz
  • $ 519.55
  • 596.03
+22 °C
Алматы
2025 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Баламның қазасына қатысың болса құдай жазаңды берсін”: Журналист Арыстанбек Мұхамедиұлына қандай айып тақты

“Баламның қазасына қатысың болса құдай жазаңды берсін”: Журналист Арыстанбек Мұхамедиұлына қандай айып тақты

Түрмеде отырған бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының аштық жариялағаны жайлы мәлімет тарағанына бірнеше күн болды.

  • 12 Ақпан
  • 253
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Экс-министр аштық жариялағанын осыдан екі күн бұрын, яғни 10 ақпанда әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы мәлімдеді.

«Мен өзімді о бастан кінәсіз деп санағандықтан аштық жарияладым», — делінген жазбада.

Алайда, Ақмола облысының қылмыстық атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Ол тамақ ішеді, бұл бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы расталады. Одан ешқандай арыз немесе арыз түскен жоқ. Сонымен қатар, сотталушының ұялы телефоны белгіленген тәртіпке сай жоқ. Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған», — делінген Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің хабарламасында.

Ал, экс-министрдің адвокаты Ыдырыс Ноғаев Sona.kz сайтына берген сұхбатында Арыстанбек Мұхамедиұлымен сөйлескенін, оның аштық жариялағаны жалған емес екенін айтқан.

«Мен кеше Арыстанбек Мұхамедиұлына барып, жолықтым. Сол кезде екеуміз ғана отырғанда: «Үш күннен бері аштық жарияладым. №1 түзеу мекемесінің басшысын да хабардар еттім», – деді. Бірақ тамақтанып жатыр ма, жоқ па, білмеймін. Алайда, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті дұрыс ақпарат берген жоқ. Неге десеңіз, Мұхамедиұлы өз сөзінде «Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлген артық». Түрме мекемесінің бастығына кіріп, аштық жариялайтыны туралы алдын ала ескерттім», — дейді ол.

Сондай-ақ, Мұхамедиұлының қорғаушысы оның әлеуметтік желідегі парақшасын кім жүргізетінінен де хабарсыз болып шықты.

«Бәлкім, бір жақын адамы шығар. Ол жағын білмеймін. Бірақ мен кеше Арыстанбек Мұхамедиұлының айтқанын жұбайы мен ұлы Димашқа айтып, аштық жариялағаны туралы парақшасына салуды сұрағанын жеткіздім. Содан кейін жақынының бірі салған шығар. Ал бірақ ол әлеуметтік желіні өзі қолдана алмайды», — дейді ол.

Еске сала кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттық музейді басқарып тұрған тұста «бюджеттен бөлінген 221 миллионды жымқырды» деген айыппен 8 жылға сотталған еді. Өткен жылдың ақпан айында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты экс-министрді «аса ірі көлемде пара беруге оқталғаны үшін» кінәлі деп танып, оның жаза мерзіміне тағы үш жыл қосып, 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Арыстанбек Мұхамедиұлының аштық жариялағаны туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Журналист Сәуле Әбілдаханқызы да Мұхамедиұлының өзіне жасаған «қиянаттарын» еске алды.

«Недәрә Жаманқұловтың сөзін сөйледі» деп мені иттің итақайы істеп жүрген Жүргеновтен қуғанын екі дүниеде ұмытпаспын… мен ол кезде нағыз жан-жақты толысқан маман едім… доценттікке бір қадам қалған… (хотя карьерист емеспін…)

Мәдениет саласын жекешелендіріп алғандай әбден құтырып еді. Маңайына өңкей өзі сияқты жемқор жағымпаздарды, көтігүл шымшықтарды жинап еді. (Әрине, ол жердегі кейбір бірен-саран адал адамдарға бұл сөздердің қатысы жоқ…)

«Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер — театр» да бұның кезінде тым ластанып кетті…

Солайша мен өзім бала кезден ғашық болған театрдан да, ғылымнан да жеріндім, безіндім… Театр — тазару үшін баратын мешітім еді… Ішкі-сыртқы кухнясын білген сайын жеріндім… Арамдық пен ластық жайлаған жерде ұзақ жүре алмаймын, жүрегім сығылып кетеді… Титтей арамдық байқасам ол адамнан да, ол ортадан да алыстаймын деп айттым ғой деймін…

Бұл — театр, өнер деген тұнығымды лайлап кеткен… Мен сияқты талай адамның театрға, өнерге, өнертануға деген махаббатын өлтіріп, жолын жауып, обалына қалған бұл итке обал жоқ…

Енді келіп ұялмай «ақпын, адалмын…өлемін» деп қорқытуға көшіпті… Құдай бетін ары қылсын… айтқан жерден аулақ… тіпә-тіпә, өзімен кетсін…. таба емес, тоба…

«Бұ дүниенікі о дүниеге кетпейді, адамның көз жасы жібермейді» деген осы……. баламның қазасына қатысың болса құдай жазаңды берсін…… басқа айтарым жоқ……», — деп жазды ол.