Қазақстан балалардың болашағы үшін қандай қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр? Caravan.kz медиа порталы шолу жасайды.
Елімізде әлеуметтік салаға, әсіресе балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Сондықтан балалардың болашағына жасалып жатқан бірқатар жаңа бағдарламалар қолға алынды.
Адам капиталын дамыту – қоғамның ілгері басуына жетелейтін басты бағыт. Әсіресе өсіп келе жатқан ұрпақ үшін, ата-аналар үшін мемлекеттік қамқорлығы мен көмегі ауадай қажет. Осы тұста балалардың болашағына орасан зор көмек болатын жаңа бағдарламаға тоқталайық. Бұл жаңалық расымен халықтың жұбанышына айналды. Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген қағида бар. Ол бос сөз емес. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көру керек, деген еді Тоқаев.
Сол сөзінің дәлелі ретінде «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Оған сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылып отырады.
Биыл ақпан айында Қазақстан азаматтары болып есептелетін барлық балаларға Ұлттық қордан алғашқы қаржы аударылды. Бағдарламаға 7 миллионға жуық бала тіркелген. Олардың шоттарына 100 АҚШ доллар мөлшеріндегі бірдей сома түсті.
Бұл тек алғашқы аударым. Жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады.
Жобаның іске асырылуы барысында, 2024 жылы 304 мыңға жуық бала 18 жасқа толып, осы жинаған ақшасын пайдалана алады.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру.
Баланың бағдарламаға қатысуын білу үшін кәмелетке толмаған баланың ата анасы немесе басқа заңды өкілдері арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексере алады.
18 жылда қанша ақша жиналуы мүмкін?
Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібайдың есебі мынандай. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады.
Ақшаны қашан және қалай алуға болады?
Бала 18 жасқа толғанда, БЖЗҚ Қазақстан азаматы мақсатты жинақтау шотын ашады, онда ақша аударылады. Мақсатты пайдалануды растайтын өтініш пен құжаттар «Қазпошта» АҚ-ға және екінші деңгейдегі банктерге ұсынылады. Өйткені олар уәкілетті операторлар.
БЖЗҚ-дан ақша алушылардың уәкілетті оператордан ашылған АҚШ долларындағы шоттарына түседі. Егер алушы «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде білім алуға ақы төлеу» мақсатын таңдаса, ақшаны айырбастау талап етілмейді. Қалған мақсаттар бойынша алушы аударым жүргізілген кездегі бағам бойынша нысаналы жинақ төлемдерін теңгеге айырбастайды.
Ата-аналар Ұлттық қордан балалардың шоттарына ақша түсуін 2024 жылдың ақпан айынан бастап тексере алады.
Бала алған қаражатты қандай мақсаттарға жұмсай алады?
Балалар 18 жасқа толған жылы қаражат олардың жинақтау шоттарына аударылады. Инвестициялауды тоқтатады және тұрғын үй мен білім беруге пайдалана алады.
Жобаның уәкілетті операторларының бірі – «Отбасы банк». Оның платформасы арқылы enpf-otbasy.kz қаражатты таңдалған мақсаттарға қашықтан пайдалануға болады: тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға ақы төлеу. Сол жерде платформада қаражатты қажетті валютаға айырбастауға болады.
Жинақталған сома қолданылмаса, сақталады ма?
Бағдарламаға сәйкес, егер 18 жасқа толғаннан кейін азамат қаражатты рұқсат етілген мақсаттарға пайдаланғысы келмесе, онда қаражат шотта 10 жыл бойы сақталады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін ақша алушының зейнетақы шотына аударылады.
Бұл қаражаттан салық төленеді ме?
Ата-аналар ешқандай құжат жинамайды, өйткені процесс тұтас автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, тиісті интеграциялық жұмыс жүргізіп отырады. Ақша аудару жолымен ғана пайдаланылады, қолма-қол берілмейді. Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жинақтар салықтан босатылады.
Ұлттық қордан балаға түсетін ақшаның көлемі мұнай бағасына байланысты ма?
Ұлттық қорға түсетін кіріс көзі бірнешеу. Оның басым бөлігі шикізат, минералды өнім экспорттаудың есебінен түсетін түсімдерден тұрады. Мұнайдан, жалпы металлургиялық өнімдер экспортынан түсетін табыс артқан сайын, Ұлттық қордың да кірістілігі артады деуге болады.
Ұлттық қордың кірістілігі инвестициялық операциялардың қалай басқарылғанына да байланысты. Бұл операциялардың бәрін Ұлттық банк жүргізеді. Ұлттық қор Үкіметтің иелігінде болғанымен, Ұлттық банкке сенімгерлік басқаруға берілген. Оның бүкіл кірістілігіне, табысы қандай деңгейде болғанына, активтері қандай инвестиция құралдарына салынғанына Ұлттық банк жауап береді.
Шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартқан балаға Ұлттық қордан ақша төленбейді. Шетелде өмір сүргенімен Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы халық үшін тиімді ме? Бұл сұраққа тәуелсіз журналист Айдын Олжаев жауап берді. Оның ойынша «Ұлттық қор – балаларға» деген атауы затына сәйкес келмейді.
«Бала – бала болып ұлттық қордың еш қызығын көрмейді, өйткені шотындағы ақшаны 18 жасқа толған соң ғана пайдалана алады. 18 жастағы жасөспірім — бала емес, ол ендігі жеке куәлігі бар азамат, салық төлеуші.
Екіншіден, ол ақшаны Қазақстанның ешбір баласы өмірі қолына алмайды. Оны тек не оқуға, не баспанаға жұмсай алады. Дұрысы – әлгі 100 долларды әр баланың өзіне не әке-шешесіне жыл сайын қолына ұстату керек еді. Баланы балалық шағында бақытты ету керек деп ойлаймын.
Менің де 18-ге толмаған балаларым бар, бірақ біз олардың шоттағы ақшасын тексермек түгілі, ол туралы тіпті сөз айтпаймыз. Оның барынан жоғы артық екенін балаларым да біліп отыр», — дейді журналист.
Оның пікірінше, Қазақстан билігі үшін әлем алдындағы статусы маңызды. Сондықтан осындай бағдарлама жасап отыр. «Қазақстан мұнайдан түскен ақшаның бір бөлігін болашақ ұрпағының шотына жинайды екен» деген пиар.
«Өз елінің балаларына бірдеңені шын бергісі келетін болса, билік оны «18 жасқа толған соң», «оқуға не баспанаға» деп басты қатырмай, қазір-ақ бере салар еді. Оны қалай жұмсауды әркім өзі білсін. Бізді қойшы, кішкентай баланың өз несібесін өзіне ұстатып риза қылуға да жарамайтынын көрсетіп тұр осымен. Заман да, адам да жылдам өзгеріп жатыр, 5-10 жылдан кейін ақылы оқу деген атымен болмай, баспана алу сәннен қалуы да мүмкін ғой. Сонда не істейсіңдер деп сұрағым келеді», — дейді Айдын Олжаев.
30 жылдық тәжірибесі бар педагог Эльмира Талипова бұл пікірмен келіспейді. Балалардың болашағына, біліміне алаңдаған мемлекеттің кішкентай болса да үлесі қуантарлық жағдай дейді.
«Берген нәрсені ешқашан сынамайсың. Мемлекет бермеуі де мүмкін еді. Жаңа бағдарлама шығарып, әр туылған баланың болашағына алғашқы жарна болса да қолдау жасағанына қуанамыз. Барлық ата-ана қолдайды бұл шешімді. Мен де ана ретінде қуанамын. Себебі әр ата-ана баласының болашағына деп ақша жинауды туылғанынан бастайды, ал мемлекеттің қосымша жәрдемақысы қосылған кезде бұл бір бүтіндей сомаға айналады. Сол үшін берген нәрсеге әрқашан разы болуымыз керек», — деді педагог.
Сондай-ақ ұлттық қордың ақшасы тікелей мемлекеттік экономикасының өсіміне байланысты екенін ұмытпаған жөн.
«Қазақстанның әр азаматы тек мемлекетке қарамай, елден талап етпей, өзі де осы қоғамның мүшесі екенін жауапкершілікпен түсінгені маңызды. Себебі экономиканың өсуіне әрқайсымыз тікелей әсер етеміз. Ел азаматтары мемлекет үшін адал еңбек еткені, өз балаларының болашағына жағдай жасағаны деп білемін. Сондықтан адал еңбек ету, қоғамда осы идеяны дамыту, балалардың бойына да еліне адал еңбек етуді сіңіруіміз керек. Ұлттық қордың адал жұмыс істеуіне, ақшасының діттеген мақсатына жетуіне, экономиканың өсуіне биліктегі басшылықтан бастап, осы елдің әр бір азаматы жауапты. Сондықтан бәріміз өзіміздің алдымызда, өзгелердің алдында адал болуымыз – міндетіміз», — дейді Эльмира Талипова.
Сұқбат беруші педагог жекеменшік және мемлекеттік мектептерде оқушыларға жайлы жағдай жасалғанын да еліміздің тағы бір көмегі екенін айтады.
«Мысалы жекеменшік мектептердің ақысын кез келген отбасының қалтасы көтермейді. Сол үшін мемлекет гранттар бөледі. Мемлекеттік мектептерде бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанатын болды. Жағдайы төмен отбасылары үшін де ақшалай көмек қарастырылған. Жайлы мектеп жобасының арқасында білім беру сапасы жыл санап артып келеді. Бұдан бөлек, Президент әр жолдауында ұстаздардың мәртебесіне де ерекше мән береді. Мысалы біздің статусымыз соңғы жылдары едәуір артты. Жалақымыз да біліктілігімізге сай артып келеді. Мұғалімдерге жасалған жағдай өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған қадам. Ақшасын, несиесін, отбасын ойлап жүрген ұстаз толыққанды білім бере алмайды. Сондықтан ұстаздардың жағдайы жақсарып келе жатқанына біз қуаныштымыз. Мектепті аяқтап, сапалы білім алған оқушының ертеңгі жағдайына аз да болса алғашқы көмек көрсетіп отырған мемлекетке ұстаз да, ата-ана да қуанышты»,- деді Эльмира Талипова.
Университетке түскен кезде, студенттің жасы бар жоғы 18-де болады. Жасөспірім бұл жасында әлі табыс таппаған, еңбек өтілі жоқ ел азаматы. Грантқа түспеген баласының оқуын әрине ата-анасы төлейді. Міне, осы жағынан қарағанда Ұлттық қордың көмегі орасан зор. 18-ге келген баланың жеке шотында 3-4 миллион жинақталса, ол оқуын алаңдамай оқи алады. Мемлекеттің көмегін сезінеді. Оқуға талпынады, кейін мемлекет үшін қызмет етуге ұмтылады. Бұл жақсы нышан.
«Бұл ақшадан салық төленбейтіні қуантады. Сонымен қатар, кейін мемлекет ішінде жұмыс істеп, сол ақшаны қайтару деген міндет те жүктелмеген екен. Менің балам қазір 5-сыныпта оқиды. Былтыр бірінші аударылым жасалды. Оны мобильді қосымша арқылы тексеріп көрдім. Жыл сайын түсетін қаражаттың сомасы да өзгеріп отырады екен. Балам жоғары оқуға түсетін кезде, өзімнің капиталыма қосымша мемлекеттің ақшасы қосылып, сапалы білім алуға мүмкіндік туады. Бұл ата-ана үшін үлкен көмек», — деді педагог.
Тағы бір маңызды жоба – «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесі. Бұл қазақстандықтардың көпшілігінің ақшасын үнемдеу және балаларын жоғары біліммен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға бағытталған жоба. Бұл жүйе 2024 жылдың соңында іске қосылады.
Бұл тапсырманы Президент былтырғы жолдауында берген еді. Ол еліміздің білім саласында тұтас жүйе жоқ екенін сынға алған. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» жинақтау жүйесін әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарламада мемлекет ұсынатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылған. Екі бағдарламаның қаражатын қосқанда өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл жинақтарды тек білім алу үшін ғана емес, баланың грантқа түскен жағдайда тұрғын үй сатып алу немесе басқа отбасындағы балаларға аудару мақсатында қолдануға болады. Жоба ата-аналарды ерікті түрде салым жасауға ынталандырады, ал мемлекет бастапқы капитал мен сыйақыларды ұсынады. Министрдің сөзінше, 6-7 банк бағдарламаның серіктесі атануы мүмкін. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың сөзінше, “Келешек” жүйесі әр отбасыға қатысты және жоғары білімді қолжетімді етуге бағытталған.
Себебі бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын гранттармен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға дейін қысқарады.
Аталған жүйе шеңберінде балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осылайша, айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болады. Сондай-ақ ақшаның құнсыздануынан қорғау құралдары қарастырылған.
Келешек жинақтау жүйесі балаларға тікелей болмаса да, жанама түрде бірнеше жолмен көмектесе алады:
Балалар үшін ерікті зейнетақы шоттары: Ата-аналар немесе қамқоршылар балалардың атына ерікті зейнетақы жарналарын аудара алады. Бұл баланың болашақтағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жас кезінен жинақталған қаражат ұзақ мерзімде инвестициялық табыс әкеліп, өскенде үлкен сомаға айналуы мүмкін.
Ата-аналардың қаржылық тұрақтылығы: Егер ата-аналар міндетті зейнетақы жинақтау жүйесіне белсенді қатысса, олардың зейнеткерлік кезеңдегі қаржылық жағдайы тұрақты болмақ. Бұл балаларға тікелей әсер етеді, себебі ата-аналар қартайған шағында өздеріне қаржы жинақтап, балаларға материалдық жүктемені азайтады.
Қаржылық сауаттылықты дамыту: Келешек жинақтау жүйесі арқылы ата-аналар өз балаларына қаржылық жоспарлаудың маңыздылығын үйретіп, болашаққа қаражат жинауды ерте бастан көрсетіп, қаржылық сауаттылықты дамытуға септігін тигізе алады.
Қаржылық қорғау: Жүйе ата-ананың ерте зейнетке шығуы немесе жұмысқа қабілетсіз болып қалу жағдайында қосымша қаржылық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Бұл балалардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді, себебі ата-аналардан қаржылай тәуелділік төмендейді.
Осылайша, Келешек жинақтау жүйесі тек қартайған кезде ғана емес, балалардың болашақ қаржылық әл-ауқаты мен тұрақтылығын қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады.
Мемлекет басшысының Жолдауында көрініс тапқан адам капиталын дамыту бағытындағы бастамалары еліміздің демографиялық дамуына әсер етеді. Әлеуметтік сала мәселелерін шешуге зор ықпалын тигізеді. Жалпы, қоғамның орнықты дамуына арқау болады. Ең бастысы, ел табысының жемісін әр отбасы сезінеді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі елдің өз болашағына деген үмітін арттырып, сенімін нығайта түседі.