Бұл өзіңнің ұлттық болмысыңнан жеріну ме, әлде өзгеге еліктеудің белгілі бір кезеңі ме? Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
"Әр мұсылман әрбір амалын өзі үшін жасайды, тек оразаны мен үшін ұстайды" — деген сөздер Құранда кездеседі.
Ораза адам мен Алланың арасындағы сыр. Бірақ ниетімді барлығы көрсе екен, білсе екен деп ауызашардан фото-видео жүктейтіндерді интернеттен күнде көріп жүрміз. Ақын Балғынбек Имаш "мұндай қадамға бармас бұрын, фотоңды инстаграмға салмас бұрын ойлану керек" дейді.
"Бір қылжылтатын нәрсе. Осы ораза ұстағанын рия қылып, болмаса ауызашар беріп жатқанын, "мына жерде ауыз ашып жатырмыз" деп әлеуметтік желіге жарқыратып сала берген дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені біреу аш, біреу тоқ. Жалпы желіге ішкен-жегенін салып отыру дұрыс емес деп есептеймін. Әртүрлі адамдар болуы мүмкін. Соған қолы жетпей отырған әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы болуы мүмкін", — дейді Балғынбек Имаш.
Фото өз алдына қазір айналаңызға қарасаңыз көптеген кафе-мейрамханалар "Ифтар! Ифтарға келіңіз!" — деген сарындағы жарнамаларын іліп қойған. Көріп жүрген боларсыз. "Құдай-ау, қазақтың қарапайым ауызашар деген сөзі аздық етті ме?" деген ой келеді.
"Ифтардың да мағынасы сол ауызашар дегенді білдіреді. Сондықтан жалпы осы тілдік анық осы қоғамда баламасы болғаннан кейін, енді біз өзіміз қолданғанда "ауызашарға барамыз, ауызашарға шақырды" дегенді қолданамыз. Сол дұрыс па деп ойлаймын", — дейді Әзірет Сұлтан мешітіні наиб имамы Қанат Қыдрмин.
Жақында желідегі біраз оқырманға аты жақсы таныс Самат Нұртаза мынадай жазба қалдырды. Алдымен оқып, танысайық:
"Біздің үйде ағайынды екі бала тұрады. Ағасы Арафат 5 жаста, інісі Муxаммад 3 жаста. Бүгін аналары терезеден "Арафат, смотри за Муxаммадом!", "Арафат, Муxаммад, домой!" деп шақырып жатқанын естіп қалдым. Сонда маған бір ой келді, Эр-Рияд пен Бағдадта, Каир мен Бейрутта балаларының есімдерін "Берік", "Серік", "Қанат", "Жанат", "Олжас", "Орынбасар", "Жақсыбек" деп қойған араб бар ма? Әрине "жоқ" деп сенімді айта аламын. Сонда бұл не? Еліктеуішілік пе? Руxани-діни құлдық па? Әлде қазақта есім жоқ болып, қағынан жеріген буын пайда болды ма?".
Бұл пікірге байланысты оқырмандардың ойы екіге бөлінген. Бірі дұрыс деп қолдаса, екіншілері бұрыс деп қарсылық білдіруде.
"Арафат Мухамед домой дейді, бұдан не байқауға болады? Есімдеріміз арабша, тіліміз орысша, түріміз монголоид. Диагноз — біз бурятпыз", — деп жазды Екін есімді пікір жазушы.
"Кеңес дәуірінен шыққанда қазақшылық деп дінге бұрылғанды айтты халық. Сосын түрлі түрлі осындай есімдерге құмар болды, мағынасын іздеп тауып. Енді ес жиып араб есімдерінен арылу керек екенін түсініп жатыр. Татар Башқұрт молдалар келгенге дейін қазақ даласына, қатты белсенді арабқа еліктеушілік болмаған", — дейді Қайрат Бижан.
"Мұсылманша есімдердің бәрі бұрын қазақ тілінің заңдылығына бейімделіп жасалатын: Мұхамбет, Махамбет, Мұқағали… Себебі аталарымыздың иммунинеті күшті болған ғой. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің өзін Метрей (Дмитрий) қылып жіберген. Ал Мухаммад (Муһаммад) деу нағыз арабшылдыққа салыну, өз тілінен безінудің бір көрінісі сияқты", — дейді Арнұр Асқаров.
Еліктеу дегеннен шығады. Мұндай кезеңді біздің ұлт басынан өткерді. Оған дәлел кешегі кеңес заманы.
"Қоғамда Ислам дінін тарататын адамдардың саны артқанын, беделі артып мерейі үстем болғанығының айғағы. 70 жыл билеген кеңес одағының тұсында Совхоз, Колхоз, Мэлс, Катюша, Ракета, Космос деген адамдарды, Октябрь, Ноябрь, Сентябрь деген адамдар біздің көршілеріміз болды. Ағылшын тілін үйреніңдер деп жатыр. Ертең олар әлі кішкентай. Ол буын өсіп жетілсе ертең Смит, Том, Джонас, Джордж деген аттардың шығуына мен толық сенімдімін", — дейді тарихшы Жұмамұрат Шәмші.
"Айтып ауыз жиғанша болмады" деген сөз тіркесі мына мысалға дәл келіп тұрғаны-ай. Материалды эфирге дайындап жатқанда Қарағандыда бір сәби дүниеге келді. Ата-анасы оның атын Дейнерис деп қойыпты.
Түсінбей қалғандар болса тарқатып айтайын. Дейнерис деген «Игра пристолов», яғни "Тақтар ойыны" сериалының басты кейіпкерлерінің бірі. Сол Айдаһарлар анасының құрметіне қазақстандық отбасы баласының атын ырымдап қойған болар. Алдағы уақытта Жұмамұрат Шәмші айтпашқы Джон, Том, Сьюзан деген есімдерді естіп жатсаңыз еш таңғалмаңыз.