Францияның Даму агенттігі 1,35 млн еуро (шамамен 1,5 млн доллар) көлемінде Балқаш көлін сақтап қалу бойынша жоспарды әзірлеуге грант бөлді, деп жазады Caravan.kz медиа порталы.
Балқаш көлін сақтау бойынша халықаралық және отандық қолдау күшейіп келеді. Бұл қаражат көлдің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар әзірлеуге жұмсалмақ. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілістегі Үкімет сағатында мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік компаниялардың бірі – «Қазақмыс» корпорациясы да бастамаға қолдау білдіріп отыр. Компания көлдің экологиялық жағдайын жақсарту және судың сапасын арттыруға бағытталған шараларды іске асыруға 5 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуге дайын.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Балқаш көлінің су балансына, ластану деңгейіне және экожүйесіне кешенді ғылыми зерттеу жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2028–2029 жылдары Қазақстан нақты стратегиялық жоспарға ие болады. Бұл жоспар су үнемдеу, тазарту технологияларын енгізу, Іле өзенінің ағынын реттеу және табиғи тепе-теңдікті сақтау шараларын қамтымақ.
Сарапшылар Балқаш көлінің болашағы тұтас аймақтың су қауіпсіздігімен тығыз байланысты екенін атап өтуде. Сондықтан халықаралық тәжірибені пайдалану мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобалар экожүйені сақтап қалуға үлкен үлес қоса алады.