Балқаш көлі маңынан 4 адамның жанып кеткен мүрделері бар көлік табылды
|
Балқаш көлінің маңында ішінде 4 мәйіті бар өртеніп кеткен УАЗ көлігі табылды. Марқұмдардың барлығы да «Балқаш балық» кәсіпорнының жұмысшылары екен. Оның бірі сол мекеме бастығының жұбайы болып шықты. Іле-шала полиция кісі өлімі бойныша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні анықтағанымен, қырғынға қатысы бар делінген азамат өз-өзіне қол салған.
Балық шаруашылығымен айналысатын мекеме өкілдері өздеріне тиесілі аумақты аралауға қаңтардың 9 -ы күні шыққан. УАЗ көлігінде фирманың 3 жұмысшысы мен мекеме заңгері әрі басшының жұбайы да болған. Алайда олар сол кеткеннен қайтып оралмады.
Кешке келуі тиіс оларды шаруашылықтағылар тайлы тұяғы қалмай іздегенімен, таппады. Екі күннен соң іздеу жұмыстары күдіктінің үйіне жеткізген. Сол маңнан іздестіру тобы қан іздері мен киімнің жыртылған бөліктерін тауыпты.
Сол маңда бір бәленің болғанын сезген із кесушілер полиция шақыртып, жақын маңда ораналасқан Юрий Крыловтың үйіне беттепті. Алайда ол бір ауыз сөзге келместен қолындағы қаруын өзіне кезеніп тұрып шүріппені басқан. Крылов сол жерде тіл тартпай кетті. Жоғалғандар да көп кешікпей табылды.
Жаңатай Сембеков, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
- Қаңтардың 12-сі күні Ақтоғай ауданындағы Шашубай елді мекенінен 25 шақырым жерде Балқаш көлінде қамыстар арасынан өртенген УАЗ көлігі ішінен 1 әйел, 3 ер адамның мәйіті табылды. Бәрі бір фирманың жұмысшылары.
Олар әкелі-балалы Қайрат пен Әділет Байдәулетов, Асхат Мұрзатаев пен Әлима Құспаеваның мәйіттері екені анықталды. Ал Юрий Крыловтың қылмысқа тікелей қатысы барын оның ұлы жайып салған. Айтуынша, әкесі заңсыз балық аулаумен айналысқандықтан балық шаруашылығы бірнеше рет прокуратураға шағым түсіріпті. Осы жолы да «Балқаш балықтан» келген елшілермен дау туғанда Крылов қолға қару алыпты. Қырып салған да, көліктерімен қоса өртеп жіберген.
Прокуратураның хабарлауынша, іс сотқа жетпей жабылуы мүмкін. Өйткені қылмыскердің көзі жоқ. Бірақ тергеуге құнды жайтты жайып салған Крыловтың ұлы мен оның көмекшісінен әлі де жауап алынатын болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін