Сүңгуірлер «Ниссан Терано» автомобилімен мұз астына батып кеткен Балқаш тұрғынын іздестіруді жалғастыруда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іздестіру жұмыстары түнде де жүргізілуде. «Сүңгуірлер тәулік бойы тоқтаусыз 1953 жылғы азаматты іздеуде. Машина су бетіне шығарылды. Алайда, балықшының мүрдесі онда болған жоқ», — деп хабарлады ТЖ департаментінің баспасөз қызметі. Құтқарылған үш ер кісінің айтуынша, олар джиптің салонында болғанда балықшы достарын су бетіне шығарған. Бірақ, өзі шығып үлгермеген.
Еске сала кетейік, 21 наурыз күні төрт балықшы Қарағанды облысындағы Балқаш көлінде мұз астына түсіп кеткен.
«Ниссан Терано» автомобилінің жүргізушісі үш жолаушымен бірге Балқаштан екі шақырым жердегі көлдің мұз қатқан бетімен жүрген. Жұқа мұз қабаты жарылып, көлік пен адамдар суға кеткен.