Жарияланды: 460

Балқаш түрмесінде өздерін жарып жіберген 16 адамның мәйіті үйінді астынан табылды!

Балқаштағы АК159/21 түрмесінде өздерін жарып жіберген 16  адамның мәйіті үйінді астынан табылды. Естеріңізге сала кетсек, кеше абақтының өндірістік ғимараттарының біріне жасырынған қарулы топ, арнайы жасақ ішке басып кіргенде газ баллонды жарып жіберген болатын. Осылайшақамаудан қашып шығу жоспарын жүзеге асыра алмаған сотталушылар тірідей берілмеуі үшін қасақана өлімге барды. Бүкіл елге аты шыққан АК-159/21 абақтысындағы арнайы жасақ пен полиция қызметкерлерінің операциясы қасқарайғаншажалғасты. Әлі күнге мұнда қатаң тәртіп, қарулы күзет.

Қарулы қақтығыс болған түрме әкімшілігі түнімен дамыл таппады. Бүлікшілерге тойтарыс берілгенімен, оның зардаптары әлі толық жойылған жоқ. Жауапты тұлғалардан маза қашқан, тілшілермен тілдескісі жоқ .

Күзетшілермен болған атыс кезінде алдынала дайындалған қарулы топ    түрменің өндірістік нысандарының біріне жасырынуға мәжбүр болды. Кейін онда арнайы жасақ басып кіргенде газ баллонын жарып, ғимараттың күлін көкке ұшырған. Бүгін қираған үйінді астынан  бүлік шығарған 16 сотталушының мүрделері табылды. Ал мән-жайды анықтау үшін құрылған арнайы комиссия қатаң тәртіптегі мекемеге қарудың қалай кіріп кеткенін білмей дал.

Сұлтан Құсетов, ҚР Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы:

- Бүлік шығарарушыларға қару-жарақты сыбайластары дуалдан лақтырып жіберген болуы мүмкін. Мұны істегендерді анықтап, қатаң жазалайтын боламыз. Балқаштағы оқиғаның Ақтөбедегі жағдаймен еш байланысы жоқ; және бұл лаңкестік әрекет емес. Колониядағы ахуал қазір қалыпқа түсті.

Алайда түзету мекемесіне барар жолды полиция әлі күнге дейін бөгеп тұр. Ондағы дүрбелеңді естіп зәрелері ұшқан басқа да жазасын өтеушілердің туыстары түрме маңын кешелі бері торуылдап жүр.

Арман Әлиасқаров, жазасын өтеушінің туысы:

- Ешкім ештеңе айтпай жатыр. Тұрмыз,кетпейміз ешқайда.

Қарулы қақтығыс  кезінде қылмыстық атқару жүйесінің 1 қызметкері опат болып, 4 күзетші ауыр жараланған болатын. 

Құзырлы органдар ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін ұзақ жылдарға түрмеге тоғытылып, шу шығарған қарулы топты талқандадық деп есеп берді.  Бірақ бұл қанды оқиғаға байланысты кімнің жазаланатыны белгісіз. Өйткені қамаудан қашпақ болып,қаза болған жазасын өтеуші 16 адам бар құпияны өздерiмен бірге ала кетті. Дүйім жұртты дүрліктірген дерек бойынша анықтау,тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін