Жарияланды: 470

Балуан Шолақ спорт сарайында астыртын жұмыс істеп келген казино әшкереленді

Спорт кешен ішіндегі ойынхана. Кезекті құмар ойын ордасы Алматының қақ ортасындағы Балуан Шолақ спорт кешенінде әшкереленіп отыр. Бірнеше ай бойы астыртын жұмыс істеп келген казинодан 40-қа жуық покер үстелі, электронды рулетка мен ойын автоматтары табылды.

Анықталғандай «Астория» покер клубы деген атаумен жұмыс істеп келген орталық құмар ойынға құныққандарға қызмет еткен. Кіру құны 10 мың теңгені құрап, тәулік бойы жұмыс істепті. Арнайы операцияны жүргізу барысында заңсыз ойын ордасының 29 қызметкері және 131 ойыншы қолға түсті. Олардың ішінде Түркия, Өзбекстан және Корея азаматтары да бар. Ал ойын залындағы кассадан 4 жарым млн теңге, 14 мың АҚШ доллары және 10 мыңға жуық ойын фишкалары табылды. Сондай-ақ табысты тіркеп отырған журнал да айғақ ретінде тіркелген. Ал Балуан Шолақ спорт сарайының әкімшілігі бос тұрған ғимаратты қосымша пайда табу үшін жалға берген екен. 2 мың шаршы метр жер келісімшарт бойынша дәмхана жасау үшін алыныпты. Алайда жұртшылықты тамақтандыру орнына, құмар ойынмен қызықтырып отырғаны жайлы хабарсыз болдық дейді кешен басшылығы. Ең қызығы казино әкімшісі ретінде өзін таныстырған азамат Өзбекстаннан келген 45 жастағы келімсек болып шықты. Заңсыз кәсіппен айналысқаны өз алдына, көші-қон тәртібін де бұзғаны белгілі болды. 

Мақсат Қуандықов, Оңтүстік аймақтық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:

- Покер клубының әкімшілігі Өзбекстан Республикасының азаматы. Оның құжаттарын қарау барысында біздің миграция заңын бұзып жүргендігі анықталып, қазіргі уақытта жедел іздестіру жұмыстары және тергеу амалдары жүргізілуде. Мұнда ұйымдастырған ол әкімшілігі де болуы мүмкін, қожайыны да болуы мүмкін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін