Балықшылар кемесінен құны 11,5 млн. доллар тұратын 70 алтын құймасын ұрлап кетті
Полицейше киінген белгісіз біреулер Кариб теңізіндегі Кюрасао аралы жағалауындағы балықшылар кемесінен құны 11,5 млн. доллар тұратын 70-ке тарта алтын құймасын ұрлап кетті, деп хабарлады ИТАР-ТАСС жергілікті құқық қорғау органдарының ақпаратына сілтеме жасап. |
Полиция өкілі Реджи Хаггинстің айтуынша, шабуылға кемінде бетперде киген алты адам қатысқан. Олар капитан мен экипаждың үш мүшесін байлап тастап, жалпы салмағы 216 келіге жуық алтын құймаларын тиеп алып, үш машинамен із жасырған. Хаггинг ұрланған алтын кімдігі екенін және Кюрасао аралына қайдан келгенін айтудан бас тартты, дегенмен оны жеткізу заңды екенін атап өтті.
Экипаж мүшелерінің бірі журналистерге кеме төрт күн бұрын Гайанадан шығып, Кюрасао аралына жұма күні жеткенін айтып берді. Оның айтуынша, алтын аралдағы компаниялардың біріне әкелінген. Кеме экипажында қару болмаған.
Бағалы жүк күзет қойылмаған шхунада неге болғаны әзірге белгісіз. Кеме капитаны қазір полицияға жауап беруде.
Гайананың алтын өндірушілер қауымдастығының хатшысы Раймонд Эммануэльдің айтуынша, елден заңды жолмен алтын шығару әдетте ұшақпен атқарылады және қатаң қауіпсіздік шаралары алынады. Дегенмен кейде салық төлеуден бой тасалау үшін жасырын тасымалдау деректері де бар.
Кюрасао Кариб теңізінің оңтүстігінде Венесуэла жағалауына жақын маңда орналасқан арал, ол жергілікті өзін өзі басқаратын Нидерланды Корольдігінің құрамдас бөлігі. Арал танымал туризм орталығы және мұнда оффшорлық бизнес дамыған, оның қызметін негізінен Оңтүстік Африка компаниялары пайдаланады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін