Жарияланды: 1600

Банк қызметкерінің бетпердесін киген алаяқтар

Банк қызметкерінің бетпердесін киген алаяқтар Сурет - sbankom.com

Қазақстандағы интернет-алаяқтық жаңа деңгейге көтерілді. Қаскөйлер түрлі психологиялық тәсілдерді пайдалану арқылы адамдардың банктік шоттарына қол жеткізіп, ақша ұрлауға көшті. Ұлттық банк алаяқтарға қалай қарсы тұрып, жинақтан айырылып қалмауға болатыны туралы кеңес береді.

Жаңа алаяқтық жүйе бойынша адам құпия ұстауы тиіс ақпаратты алаяққа өз еркімен береді. Алаяқтар банк клиентіне қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, салымдарына шабуыл жасалғанын хабарлайды. Артынан сенімге кіріп, қажетті нөмір мен кодты өте ұқыпты түрде сұрайды. Жақында ұлттық киім дизайнері Малика Дүйсенбаева алаяқтардың «құрбаны» бола жаздады.

-Маған қоңырау шалған ер адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, картамнан біреудің үлкен көлемдегі ақша алмақшы болғанын хабарлады. Қазір алаяқтық фактлері көбейгенін ескертіп, менің қауіпсіздігімді қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Төлем операциясын тоқтату үшін мен оған телефоныма қазір келетін кодты айтуым керек екен. Менімен өте сауатты, банктік терминдермен сөйлесті. Мен сеніп, тіпті сұраған цифрларын айта бастадым. БІр кезде банктен келген sms-тен кодты ешкімге, тіпті банк қызметкеріне де айтуға болмайтынын «тайға басылған таңбадай» анық жазып қойғанын көріп қалдым. Сол кезде барып, мұны анықтау керегін түсініп, колл-орталыққа хабарластым»,-дейді Малика.

Банкте бұл алаяқтардың әрекеті екенін ескертіп, картадағы құпия сөзін ауыстыруды сұраған. Малика дұрыс әрекет жасады. Сондықтан алаяқтың құрбаны болмады. Алайда пиғылы бөтендердің әрекетіне кейбір адамдар сеніп қалады.

-Егер алаяқ сіздің құпия ақпаратыңызға қол жеткізсе, сіздің атыңыздан тауар сатып алып, қызмет үшін төлем жасап, жаңа шот ашып, ақша аударып, оның ішінде депозиттегі қаражатыңызды да аудара алады, - деп түсіндіреді ҚР Ұлттық банкі Қаржы қызметтерін қолданушылар құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.

Ол қандай жағдай болмасын, ешкімге жеке шот пен банктік карта мәліметтерін, PIN –код, картаның артындағы CVV- кодты айтуға болмайтынын, төлем карталарына хабарлама қызметін міндетті түрде қосу керегін және кез-келген күдікті жағдайда қызмет көрсететін банктің колл-орталығына хабарласу керегін айтады.

- Егер сізге банк қызметкерімін деп қоңырау шалып, жеке мәліметтеріңізді телефонның пернетақтасына үндестік режимінде теруге, әрі өзінің бұл мәліметтерді көрмейтініне сендіруге тырысса телефон тұтасын қойып, колл-орталыққа хабарласыңыз. Бұл алаңдайтын нәрсе,-дейді Андрей Терентьев.

Алаяқтардың тағы бір белгісі: клиент сөйлесуді тотатып, ақпаратты анықтау үшін колл-орталыққа қоңырау шалуға тырысса олардың жүйкесі сыр беріп, асықтырып, тіпті қорқыта бастайды. Егер банк клиенті жеке мәліметтерін айтуға асықпаса олар ақшасынан айырылып қалатынын, банктік шотқа шабуыл жасалатыны т.б айтып үрейлендіруге тырысады. Бұл олардың әдеттегі тәсілі және одан қорқудың қажеті жоқ. Ең дұрысы бірден өз банкіңізге хабарласып, полицияға шағым түсірген жөн.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін