Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді айқындап, бағыт-бағдарымызды көрсетіп берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Құжаттың динамикасы жоғары, мазмұны терең болды. Әсіресе, халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын көтеруді нұсқап, қадау-қадау мәселелерді шешуді тапсырды.
Елдің бәсекеге қабілеттелігін шыңдауда шағын және орта кәсіпкерлік, отбасылық бизнесті ілгерілетудің маңызы зор. Озық елдердің тәжірибесінен бизнесті дамыту арқылы кез келген экономикалық дағдарысты оңай еңсеретінін көруге болады.
Үкіметтің алдындағы негізгі міндеттің бірі – шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2030 жылға қарай екі есе өсіруі тиіс. Бұған қалай қол жеткізуге болады?
Қазір бизнеспен айналысуға ынталы азаматтарды қолдайтын мемлекеттік бағдармалар аз емес. Алайда қолдау шараларын әлі де жүйелеп, қайтарымсыз қаржыларды игерудің тиімділігін арттырып, кредиттеуде жеңілдіктер қарастыруды, бастысы, отандық тауар өндірушілерді қорғауымыз керек-ақ. Президент өзінің Жолдауында айтқандай, мұндай басмаларда екінші деңгейлі банктер де ынталы болып, бизнесті қолдауда белсенділік танытуы тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Банктер туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізетін кез келгенін айтты. Расында, әлемнің озық елдерінің банк саласын дамытуға арналған заңдарын зерттеп, зерделеп, заманауи мақсат-міндеттерге жауап беретін заңдарды жетілдіре түсу уақыт талабы.
Бұл заңдар нормасында Ұлттық банктен бастап екінші деңгейлі банктер атқаратын негізгі функциялары талданып, бизнесті қолдау деңгейі жан-жақты қамтылуы керек.
Озық елдерде орталық банктердің акционерлеріне байланысты міндетін өздері айқындайды. Мәселен, Ұлыбритания, Германия, Франция, Ресей, Дания және Нидерландыда банк капиталының 100 пайызы мемлекетке тиесілі. Сондықтан бұл елдердегі орталық банктер Үкімет қойған талапты орындауды басымдық етеді. Федералдық резервтік банкі АҚШ-та банк жүйесінде бірқатар қадағалау және реттеуші міндетін атқарады. Жапонияда Орталық банктің 55 пайызы мемлекет меншігінде және 45 пайызы жеке меншік иелігінде, Швейцарияда 57 пайызы мемлекетке және 43 пайызға жеке тұлғаларға тиесілі.
«Банктер туралы» заңға өзгеріс пен толықтырулар енгізгенде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур сынды Азияның алпауыттарының банк саласындағы тәжірибесін терең талдап, өзіміздің заңдарға енгізгеніміз жөн. Бүгінде әлемдік экономикалық тұрақтылық Еуропадан Азияға қарай кезең-кезеңімен ойыса бастағанын ескеріп, Шығыс Азия елдерінің экономикалық моделін қарауымыз маңызды. Бұл елдердің шағын және орта бизнес саласындағы азаматтарды ынталандырып, жұмысын ілгерілетуге банктер қалай, қандай көмек көрсеткенін қарауымыз тиіс.
Біріншіден, экономиканы ырықтандыру туралы қаулы аясында біз банктер үшін әмбебап және базалық лицензияны енгізуді қарастыру керек.
Екіншіден, ірі және орта банктер үшін әмбебап лицензия, ал реттеу талаптары төмендетілген шағын банктер үшін базалық лицензия беру мүмкіндігін енгізу керек.
Үшіншіден, халықаралық тәжірибе микробизнесті, сондай-ақ шағын және орта бизнесті кредиттеуде төмен пайызбен беруді қарастыру керек.
«Қысқасы, банктер бизнеске қолдау жасау жұмысын жандандыруы керек. Сонда елдің әлеуметтік әлеуеті өсіп, бәсекеге қабілеттілігі артады», — деді депутат Жарқынбек Амантай.