Жарияланды: 440

«Банктер енді баспанаңызды тартып ала алмайды»-республикалық басылымдарға шолу

Бүгін «Айқын» газетінің аптаға шолу жасаған нөмірі шықты. Басылымның бірінші бетінде «Банктер енді баспанаңызды тартып ала алмайды» деген тақырыппен мақала жарияланды. Онда кеше «халықтың көзі, құлағы һәм аузы» саналатын журналистердің кәсіби мерекесіне орайластырып, Сенаттың төрағасы Қайрат Мәми ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескені және олардың бірқатар сұрақтарына жауап бергені жазылған. Сөз арасында Төраға Сенат «ипотекалық несиелеу мен

тұтынушылар құқығын қорғау, қаржылық қызмет көрсету жөнінде заңдарды» мақұлдағанын айтқан. Ондағы бір бапқа сәйкес, бұдан былай банктер азаматтан жалғыз баспанасы болып табылатын пәтерін не үйін тартып алып, аукционға сала алмайды. «Адам қуатты дәмнің көмегімен де ауруын жеңе алады». «Жасай» Шығыс-тибет медициналық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлынан алынған сұхбат «Айқын» газетінде осындай тақырыппен жарық көрді. «Қазір емханаларда ботқа мен борщ, бір тілім мыжылған ет береді. Оған сау адамның да денсаулығы шыдамайды. Жетпіс жыл бұрынғы «қалпақ» әлі шешілмеген тәрізді. Одан да ауруханаларда шұбат пен қымызды, жылқының етін беріп, қазақтың күйлерін ойнатып, палаталар әдемі торсықтар мен ұлттық өрнектерімізбен безендірілсе, керемет емес пе?! Адам қуатты дәмнің көмегімен де ауруды жеңе алады», - дейді тілші сұрақтарына жауап берген ғалым. ** «Алаш айнасы» газетінде «Ұлттық құндылықтарға қатысты заң неге маңызды құжаттардың қатарында жоқ» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалада әлі күнге дейін ұлттық құндылықтарымызды меншіктей алмай келе жатқанымыз жайлы айтылады. «Қымыз өндіру үшін рұқсатты немістерден сұрау керек екен» десе, бойыңызды қандай сезім билер еді? Көзіңіз шарасынан шықпаса да, қаныңыз басыңызға шапшып, талағыңыз тарс айырылуға шақ қалары анық. Әйтпесе «бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық сусынымызды дайындау үшін қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын немістен рұқсат сұрау деген не сұмдық?» деп ежірейе қарауыңыз мүмкін. Қандай күйге түссеңіз де, расын айтайық, болашақта қымыз өндіру үшін немістен рұқсат сұрап жатуымыз ғажап емес. Себебі бүгінде қымызымызды Ганс Цольман деген немістің патенттеп алғанын бәріміз білеміз», - делінген мақалада. «Парламент үнсіз болса, қоғамнан маза кететінін ескерген жөн». «Алаш айнасының» тұрақты «Дат!» айдарының аясында Мәжіліс депутаты Ирак Елекеевтен алынған сұхбат осындай тақырыппен басылды. Депутаттың пікірінше, қоғам арасындағы қордаланған мәселені Мәжіліске жетектеп кіргізіп, ту-талақайын шығарып, талқыға салғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сұхбаттың толық нұсқасымен танысқыңыз келсе, басылымның бүгінгі санын жіберіп алмаңыз. *** «Нұр Астана» газетінің бүгінгі нөмірінде «Тіл жанашырының» жеңімпаздары анықталды» деген тақырыппен ақпараттық материал берілді. Онда «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры жыл сайын берілетін «Қазақ тілін насихаттауға қосқан үлесі үшін» журналистік сыйлығының жаңа жүлдегерлерінің есімдерін жария еткені жазылған. Биылғы сыйлыққа республикалық БАҚ-тың үш өкілі: Ғабит Мүсіреп («Нұр Астана» газетінің Бас редакторы), Максим Рожин («7 телеарнаның» журналисі), Әлия Кенжебаева («Астана» телеарнасының журналисі) ие болған. Осы басылымда «Журналистердің мәртебесі туралы заң керек» деген тақырыппен Мәжіліс аппараты баспасөз қызметінің жетекшісі Сайын Шәмерденнен алынған сұхбат жарияланды. «Негізі, журналистердің мәртебесі туралы заң керек. БАҚ туралы заңда журналистердің әлеуметтік жағынан қорғалуы, тұрмыс-тіршілігі туралы баптар жазылмаған. Біз халықтың сөзін билікке жеткізетін, биліктің жұмысы туралы халықты құлақдар ететін дәнекерміз ғой», - дейді сұхбат беруші. *** «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санныда кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов АӨСШК-нің атқарушы директоры Чинар Алдемирді қабылдағанын жазады. Кездесуде қазақстандық сыртқы саяси ведомство басшысы, АӨСШК бастамасы әлемдік қауымдастықта беделге ие болып, тиісті жалғасын тауып жатқанын атап көрсеткен, бұл үдерістің БҰҰ аясындағы Орталық Азиядағы лаңкестікпен күрес, Ауғанстан жөніндегі жұмыс топтарына және ЕҚЫҰ-ның превентивті дипломатия мен шиеленістердің алдын алу жөніндегі жұмыс тобына қосылуы осының дәлелі. Материал «В пространстве СВМДА» деген тақырыппен берілген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін