Жарияланды: 680

"БАҚ туралы " заңның үкіметтік нұсқасын қабылдау- Қазақстандағы ақпараттық кеңістіктің аясы тарылуына апарып соғады - Телерадиохабарларын таратушылардың ұлттық қауымдастығы

"БАҚ туралы " заңның үкіметтік нұсқасын қабылдау- Қазақстандағы ақпараттық кеңістіктің аясы тарылуына апарып соғады. Ал бұл өз кезегінде Қазақстан қоғамын демократиялық бағытта қайта құру, нарықтық қатынастарды дамыту және елімізді дүниежүзілік қоғамдастыққа интеграциялау талабына сай келмейді. Бұл туралы Телерадиохабарларын таратушылардың ұлттық қауымдастығынан ҚР парламенті сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтың атына жолданған мәлімдемеде

айтылған. "БАҚ-тар бүгінде тек азаматтардың ақпарат алу және сөз бостандығы құқығын қамтамасыз ететін ғана емес, сондай-ақ, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты, әлеуметтік тиянақтылық пен дәстүр орнықтылығын қамтамасыз етуші институтқа айналды",- делінген мәлімдемеде. "Қазақстандық БАҚ-тар ел ішіндегі ахуалды шынайы бағалап, болып жатқан оқиғалар туралы жан-жақты хабарлап отыруды, процесстерді боямасыз бейнелеуді мұрат тұтады". Алайда, Телерадиохабарларын таратушылардың ұлттық қауымдастығы өкілдерінің пайымдауынша, үкімет ұсынып отырған заң жобасы қазақстандық журналистикаға кері ықпалын тигізіп, бөтен елдердің медиаиндустриясы өкілдерімен қатаң бәсекеге түсуге мәжбүр болып отырған Қазақстандық БАҚ-тардың дамуына түрткі бола алмайды. Осыған байланысты қауымдастық "қазіргі жағдаймен заң жобасындағы көптеген баптармен келісе алмай отырған" БАҚ өкілдерінің пікірін ескере отырып, "БАҚ-тар туралы" заң жобасына сенат тарапынан конструктивті көзқарас ұстануды өтінеді. Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, Телерадиохабарларын таратушылардың ұлттық қауымдастығы өкілдері парламенттің "БАҚ туралы" заң жобасын қарау және талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырыстарына қатысып, 50-ден астам ұсыныстар мен түзетулер енгізді. Алайда, бұл ұсыныстар мен ескертулер қабылданған жоқ. Телерадиохабарларын таратушылардың ұлттық қауымдастығы республиканың барлық аймақтарынан 40-тан астам телерадиокомпанияны біріктірген кәсіби қоғамдық ұйым.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін