Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі — Бақытбек Есентаев колонияға жеткізілді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, 1 ақпанда Бақытбек Есентаев Заречный ауылындағы ЛА 115/8 түзеу мекемесіне жеткізілді. Бұл ерлерге арналған қатаң тәртіптегі колония. Айта кетейік, осыған дейін Бақытбек Есентаев Алматыдағы уақытша ұстау изоляторында болған еді.
18 қаңтарда 9 жылға сотталған Бақытбек Есентаевтың әлі қатаң тәртіптегі түзеу колониясына жеткізілмегені хабарланған болатын. "Қазіргі уақытта 9 жылға сотталған Бақытбек Есентаев Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Жазасын әрі қарай қалай өтейтінін уәкілетті орган шешеді", — деген еді ІІМ өкілдері Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына жауап бере отырып.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 3 қарашасында Есентаеваның күйеуі 9 жылға сотталған болатын. "Есентаев Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалған екі бап бойынша ол ақталып шықты. Есентаевтың адвокаты үкімге шағым түсіретінін мәлімдеді. "Біз апелляциялық шағым түсірмекшіміз, үкім негізсіз деп есептейміз (…) Ол дене жарақатын салды, адам өлтіруге оқталған жоқ, біз осыны дәлелдейміз", — деген еді адвокат Бекболат Жексейітов.
Айта кетейік, 13 маусымда Бақытбек Есентаев екі айға қамауға алынған болатын. Осыған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") сотқа дейінгі тергеу басталған еді.
Еске салайық, 10 маусымда Баян Есентаева Талғар ауруханасына бассүйек ми жарақаты, пышақ жарақаты және мұрынның сынуы диагнозымен түскен болатын. Алдын ада мәлімет бойынша, оны күйеуі Бақытбек Есентаев ұрып-соққан. Бұл оқиға Құлжа тас жолында болған еді.