Бұл соңғы уақытта бері берекесі қашқан барахолканың кескіні. Күнде жиын, күнде шу. Әкімдік өкілдері өткен айда «Глория», «Құралагер» және «Ұлыгер» базарлары жабатынын айтып жетіп еді, енді, міне бүгін қара тізімге «Аралдың» да іліккені белгілі болды.
Аягөз Иманова, саудагер:
— Осы базарды бізге қалдырсын! Өтініш, бізге үлкен базар керек емес. Жеп отырған нанымыздан айырылмаймыз. Осы жерде өлігіміз қалады. Нанымыз бала-шағамызды асырап отырған. Несиеміз бар.
Әкімдік шешіміне «Арал» базарының басшысы да наразы. Өзі де, саудагерлері де табыссыз қалғалы тұрғандықтан, директор шенеуніктерден жолайырық құрылысын кемі 1,5 жылға шегеруді өтінуде. Осы уақытта ол жаңа базарға орын дайындап үлгереміз деп отыр.
Ерлан Қанапияев, «Арал» базарының директоры:
— Бізге сол бір жарым жылға уақыт керек. Өйткені көшуіміз бар, балаларымыздың сабағы бар. Одан артық қажет жоқ. Бұл қаланың архитекторларының кінәсі. Олар жоспарлаған жұмысын бұрын ашуы керек еді.
Алайда әне-міне жолайырық жұмысы басталуы тиіс деген әкімдік өкілдері ешбір шегерімді жасамақ емес. Берсе тек бір айға ғана уақытты созады. Оның үстіне, жабу науқанын жеделдетуге базар ішінде жаппай туберкулез дертінің де дендеуі себеп екен.
Бектас Сәбитов, Алатау аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:
— Базар заманауи талаптарға сай емес. Бұл жерлерде туберкулез аурулары өте көп. Біз сіздің ол сөзіңізбен келіспейміз. Қызыл сызыққа солтүстік айналмалы жолдан қазір 14 базар бар. Соның 10 толық сүріледі. 4-уі қызылсызық шеңберінде ғана бұзылады.
Ал сүрілген Барахолка жоспарға сай Өжетте қайта бой көтереді екен. Бірақ саудагерлердің жаңа орынға барғысы жоқ. Біріншіден, оның жуық арада ашылуы екіталай, екіншіден құны қымбат.