Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы фейзбуктегі Жасұлан Әбдіхалықтың парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Кеше Тараз қаласында тапа-тал түсте белгілі қоғам белсендісі Жанна Папинаның "Персик" атты күшігін ит атқыштар өлтіріп кетті. Еш ескертусіз, аяусыз атып кетті. Мақұлықтың мезгілсіз өлімін зор күйзеліспен қабылдадым. Жанна ханымға қайғысына ортақтасып көңіл айтамын! Біреуге оқтан, біреуге боқтан келетін кесапат өлім ғой. Сабыр етіңіз. ФБ Инстадан тікелей эфирден көріп отырдық. Көп жыладыңыз. Персикті көтеріп әкімдіктің алдына әкелдіңіз. Әкімнің шығуын талап еттіңіз.
Сіз мықтысыз! Мойындадым! Келді әкім!
Есігінің алдында сағаттап көп балалы аналар келгенде шықпаған әкім, әкімдікті бүлікшілер өртеп жатқанда шықпаған әкім, журналистерді тергеп тексеріп, тепкілеп жатқанда келмеген әкім, келді!
Өзі ғана емес, қасында қала әкімі Жылқыбаев, ауылшаруашылығы орынбасары Нұржігітов, ветеринария басшысы, прессегі бәрі келді Персикке!
Айнала қоршап тұрып сөз сөйледі. Персиктің арманы жоқ, әкпе! Арманы жоқ!
Күні кеше Қаңтар қырғынында қаза тапқан, абайсызда оққа ұшқан боздақтарға бұл басшылар бармаған, көңіл айтпаған.
Сапарбаев өлген иттің басында тұрып жауаптыларға ұрысты:
— " Екеуің де кінәлісіңдер. Шаш ал десе бас аласыңдар. Сендерге ешкім айтқан жоқ қой, бәрін атыңдар қырыңдар деп. Сендер әуелі алдымен анықтауларың керек еді, мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па? Балдарды қаба ма қаппай ма? Ауру ма, сау ма? Қауіпті ма? Содан кейін ғана әрекет ету керек еді", деді.
Айналайын әкімім ай. Астарлап нені айтқың келгенін түсіндім. Әлде мен әлемдегі ең тупой адаммын. Бірақ маған бәрі басқаша естілді. Мына сөздердің барлығы Қаңтар қырғынына арнап айтылып жатқан сияқты.
"Шаш ал десе бас аласыңдар. Президент сендерге бәрін атыңдар, қырыңдар деген жоқ қой. Барлығы террористер емес қой, арасында бейбіт шерушілер, кездейсоқ жүргендер бар. Алдымен анықтамайсыңдар ма? Қоғамға зияны бар ма, жоқ па? Қауіпті ме? Содан кейін ғана әрекет ету керек" деп естідім, солай түсіндім!
Персик сен кешірші бізді. Біз сені қорғай алмадық. Бейбіт күнде оққа ұшырып алдық. Бұл әрине үлкен қасірет. Сен қаһарман итсің! Сенің, күн сайын кәріс кухняларында сойылып табақпен тартылып жатқан жүздеген иттердің әруақтарының алдында арың таза! Сен, ешкім түсіндіре алмаған Ұлттық трагедияны — иттік трагедиямен түсіндіріп кеттің.
Бақұл бол Персик!",- деп жазды автор.
Оқырмандар әкімнің бұл әрекетіне түрлі пікірлер жазды.
"Халықтың алдында сүміреймеген бастарын, иттің алдында сүмірейтті деңіз":, "Бұралқы қаңғыбас иттер балаларға шауып жатыр. Атпаса атпайды дейді, атса мынау…. Қай ит кімдігі екенін кімнен сұрайды? Иттен бе?", "Қазақтың күні іттен төмен болып тұрғой! Қазақ жастары өлді, көңіл айтқан адамды көрмедік!", деп жазды.
ВИДЕО: https://www.facebook.com/zhasulan.abdihalyk/videos/1898619490346426
Видео Жанна Папинаның желідегі парақшаларынан алыған.