«Қазақстан мұнайдан түскен кіріс ағынының ашықтығы туралы бастамаға бірігуді қиындыққа баламайды. Сондықтан да мен Азия қоғамдастығының форумында біздің бұл бастаманы қолдайтынымызды жария еттім»,- деді Елбасы.
«Бұл жерде шикізат ресурстары туралы сөз болып отырғандықтан, мәселе баршаға бірдей болуға тиіс»,- деді президент.
«Бұл бастамаға мұнай және газбен бірге, минералды ресурстарды өндіру саласында жұмыс істейтін барлық компаниялар бірігуге тиіс»,- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанда бұл бастаманы жүзеге асыру бағытында жұмыс тобы құрылып, оған барлық министрлік және мекеме өкілдері мен депутаттар енді. Жұмыс тобы мемлекеттік комиссия мен компаниялар арасында өзара түсіністік туралы меморандумның жобасын жасады. Бұл құжатқа қол қоятын тау-кен саласындағы 13, мұнай және газ өндіруші 48 компания айқындалды.
23-маусымда Астанада бастаманы жүзеге асыруға қатысты мәселелердің басын ашу үшін барлық компания өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізу межеленген.
Шикізат өнеркәсібінде жариялылық орнату жөніндегі бастаманы Ұлыбритания үкімет басшысы Тони Блэр 2002-жылдың қыркүйек айында Йоханнесбург қаласында өткен тұрақты даму жөніндегі саммитте жария еткен.
Бастаманың мақсаты — шикізат өндіруші компаниялардың төлемдері туралы ақпараттарды, сондай-ақ, табиғи ресурстарға бай елдердің үкіметтері тапқан пайданы жариялы болдыруға қол жеткізу.
Қазіргі жағдаймен бастамаға Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Франция, Бельгия, Жапония, Норвегия, Индонезия, Нидерланды, Нигерия, Әзербайджан, Қырғызстан елдері біріккен.