Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Димаш біздің өкіл баламыз. Ол әр сахнаға шыққан сайын, біз де тақым қысып, өз ата-анасымен бірдей уайымдап отырамыз. Оның да бізге деген құрметі, көңілі бөлек. Енді мына бір сайттың дұрыс айтылған әңгімені теріс айналдырып қойып отырған тақырыбын қараңыздар. Бұл жердегі мақсаттары не екен? Осылай екі адамның ортасына от салу ма? Халыққа жаман атты етіп көрсету ме? Кейбір кісілер арықарай ашып оқымайды, тақырыбын оқиды да астына нешетүрлі сөзді жазады. Негізі сұқбаттағы әңгіме мүлдем басқа. Жөні түзу әңгімені айналдырып осындай арзан тақырып қойып осы сайт өзінің қаралымын арттырып жатқан шығар, бірақ сол тірлігімен қазақты әлемге танытып жүрген баламыздың, 40 жылдан бері қазақ өнеріне қызмет етіп келе жатқан Ұлықпанның атына кір келтіріп отыр. Өздерінің бір күндік рейтингтері үшін басқалардың жылдап жинаған абыройын төге салу оңай болып тұр.
Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді деген, осындай арзан тақырып, жалған ақпарат тарататын сары басылымдардың кесірінен қазір журналистерге деген сеніміміз кетіп барады. Сұқбатқа шақырса баруға, барсақ бірдеңе айтуға қорқатын болдық. Осындай сайттар тек ешкім оқымай қойғанда ғана жойылатын шығар», — деп жазды Жолдасова.
Естеріңізге салсақ, әнші Ұлықпан Жолдасов өзін орындаушы, ал Димаш сияқты жандарды әнші деп мойындайтынын айтқан еді.