Бас прокуратура көлік құралдарына меншіктік құқықты тану, көлікті тіркеу мәселесі бойынша жол полициясы органдарының шешімдері мен әрекеттеріне түскен шағымдар бойынша сот тәжірибесіне талдау жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бас прокуратура көлік құралдарына меншіктік құқықты тану, көлікті тіркеу мәселесі бойынша жол полициясы органдарының шешімдері мен әрекеттеріне түскен шағымдар бойынша сот тәжірибесіне талдау жасады

Бас прокуратура көлік құралдарына меншіктік құқықты тану, көлікті тіркеу мәселесі бойынша жол полициясы органдарының шешімдері мен әрекеттеріне түскен шағымдар бойынша сот тәжірибесіне талдау жасады

Астана. 26 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Бас прокуратура 2004-2007 жылдар мен үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсаны кезеңінде көлік құралдарына меншіктік құқықты тану, көлікті тіркеу мәселесі бойынша жол полициясы органдарының шешімдері мен әрекеттеріне түскен шағымдар жөніндегі азаматтық істер бойынша сот тәжірибесіне талдау жасады, деп хабарлайды агенттік тілшісі мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 26 Қыркүйек 2008
  • 764
Фото - Caravan.kz

Бұған соңғы уақытта жол полициясы органдарына контрабандалық жолмен әкелінген көлік құралдарын жариялау мақсатында жалған сот актілерін әкелу фактілерінің жиілеп кеткендігі себеп болып отыр. Ал бұл жәйт өз кезегінде мемлекет мүддесіне орасан залал келтірді. Бұл арада мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне айрықша назар аударылды. Сондықтан сот актілерінің заңдылығын тексеру кезінде жол полициясының көлік құралдарын тіркеуден бас тарту себептеріне де баса көңіл бөлінді.

Қорытынды жасалып отырған кезең ішінде республика соттары аталмыш мәселе бойынша барлығы 1938 азаматтық іс қарап, 1858 іс бойынша шағымданушылардың талаптарын қанағаттандырған.

Бұл істердің басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысы соттарының үлесінде. Өйткені шетелдік ұсталынған көліктер көбіне осы аймақтарға әкелінеді.

Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарының прокуратураларынан келіп түскен ақпараттарға қарағанда, бұл өңірлерде кедендік рәсімдерден өтпеген көлік құралдарын тек сот актілері негізінде ғана тіркеуден өткізудің 120 фактісі анықталған.

Мәселен, Қостанай облысы полиция департаментінің тіркеу бөлімін тексеру барысында көлік құралдарына меншік құқын тану жөніндегі 109 жалған сот шешімі анықталды, бір таңғаларлығы олардың ешқайсына да азаматтық іс қаралу былай тұрсын ,тіпті ашылмаған болып шықты.

Атап айтқанда, Арқалық қаласының ішкі істер басқармасының тіркеу бөлімінде Наурызым аудандық сотының жалған сот шешімдерінің негізінде 16 кедендік рәсімнен өтпеген автокөлік тіркелген. Олардың ішінде «Тойота», «БМВ» сияқты қымбат маркалы 8 машина бар.

Дәл осындай заң бұзушылықтарды Қамысты, Жангелдин аудандарының прокуратуралары да тапты. Олар жалған сот актілерімен автокөлік құралдарын заңсыз тіркеудің 80 фактісін анықтаған.

Ал Қостанай облысының Наурызым және Жангелдин аудандық соттарының шешімімен Ақмола облысының ішкі істер басқармасының тіркеу бөлімдерінің бөлімшелері тағы да 13 автомобильді тіркеуге қойған.

Осы фактілер бойынша 2008 жылдың 18 сәуірінде Бас Прокурор Наурызым аудандық сотының төрағасы Ж.Ысмайловқа қатысты қылмысты іс ашты. Оған сот өндірісінде Қазақстан Республикасына кедендік рәсімдеусіз әкелінген көлік құралдарына меншік құқығын тану туралы азаматтық істер мүлдем болмағаны себеп болды. Соған қарамастан әлгіндей жалған шешім шығарылған.

Сол сияқты Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік бөлімі Арқалық қаласы жол полициясының тіркеу бөлімінің аға мемлекеттік инспекторы Х.Мамановтың үстінен қылмыстық іс қозғады.

Сондай-ақ осы тіркеу бөлімінің қызметкерлерінің кедендік рәсімдеуден өтпеген 27 автомобильді заңсыз тіркеуге алған фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Мұндағы барлық шетелдік қымбат автокөліктер жоғарыда аталған Наурызым және Жангелдин аудандық соттарының шешімдері негізінде тіркеуден өткен.

Басқа фактілер бойынша Қостанай облысының прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментіне қосымша тергеу жүргізу үшін тапсырма берді.

Заңды бұлайша бұрмалауды прокурорлар Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының соты мен тіркеу бөлімі қызметінен де тапты.

Бұл автомобильдер негізінен қымбат үлгідегі көліктер, олардың базар бағасы ондаған миллион теңгені құрайды. Демек, кедендік рәсімдеуге кететін шығын да соған сәйкес қомақты болмақ. Бұл жерде заң бұзушылардың әрекеттері де түсінікті: мемлекеттік кеденді айналып өтіп, соттың жалған шешімін шығартып алу олар үшін жеңілірек.

Бұл жерде мынаны атап айта кету керек: соттың әлгі жалған шешімдері наразылық келтіруге де жатпайды, өйткені олар сот отырысынсыз және азаматтық іс ретінде қаралмай-ақ қабылданған.

Сондықтан, мемлекет мүддесін қорғау мақсатында, көлік құралдарын мұндай жалған сот актілері арқылы тіркеу мен есепке қою әрекеттерінің қосымша жазбаша дәлелдемелер арқылы сот тәртібімен күші жойылатын болады.

Сонымен бірге, заңсыз тіркелген автомашина иелерінен заңда қарастырылған салық пен кедендік төлемдерді бюджетке қайтару мәселесі де қолға алынуда.

Бұдан былай мұндай келеңсіз жәйттерді болдырмау мақсатында облыс прокурорлары жол полицияларының аумақтық бөлімшелерінде көлік құралдарын әсіресе сот актілері негізінде тіркеулерді мұқият тексеріп, оларды сот және кеден органдарының мәліметтерімен салыстырып отыратын болады.

Республика соттары осы талдау жасалып отырған кезең ішінде рөлі оң жақта орналасқан көлік иелерінің жол полициясының оларды тіркеуге алудан бас тартуына берген шағымдарын да көптеп қараған. Алайда бұл орайдағы сот тәжірибесі әрқилы.

Мәселен, В.Дмитриев деген азаматтың арызы бойынша Талдықорған қалалық соты өзінің 2007 жылғы 11 мамырдағы шешімімен Алматы облысының Жол полициясы басқармасының тіркеу бөліміне «Toyota Lite Ace» жүк автомашинасын мемлекеттік тіркеуге алуға міндеттеген.

Дәл осындай негізде Ақтөбе қалалық соты өзінің 2007 жылғы 10 желтоқсанда «ISUZU GIGA» жүк машинасының иесі В.Толкачевтің аразын қанағаттандырған.

Алайда осы сотардың екеуі де арыз берушілердің көліктерінің 2004 жылы қабылданған Мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейтінін ескермеген. Ол бойынша жүк тасуға арналған, рұқсат етілген массасы 3,5 және 12,0 тоннадан жоғары автомобильдердің басқару органдары жол қозғалысы бойынша сол жақта болуы керек деп көрсетілген.

Оң рөлді автомобильдерді еліміз аумағына кіргізуге 2007 жылдың 29 қаңтарынан бастап қана тыйым салынғаны белгілі. Осыған қарамастан бұл орайда да сот тәжірибесі әр алуан.

Мәселен, мына мысал жоғарыда келтірілгенге керағар. Петропавл қаласының №2 сотының 2006 жылғы 5 желтоқсандағы шешімімен азаматтардың өздерінің иелігіндегі оң рөлді автомобильдерді тіркеуден бас тартқаны үшін облыс Ішкі істер департаментінің үстінен берген арыздары қанағаттандырылмаған. Бұл шешімді 2007 жылдың 18 қаңтарында қайта қараған Солтүстік Қазақстан облыстық соты да өзгеріссіз қалдырған. Бұл арада сот жоғарыда аталған мемлекеттік стандарт пен «Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы» Заңның 21-бабын дұрыс басшылыққа алған.

Осы жасалған талдау қорытындылары бойынша облыс прокурорларына жүзеге асырылған сот актілерінің заңдылығын тексеріп, заң талабы бұзылған жағдайда оларға наразылық келтіру шараларын қолдану қажеттігі тапсырылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар