Бас прокуратура көлік қызметін пайдаланушылардың құқығын бұзуға байланысты көптеген кемшіліктердің бетін ашты - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бас прокуратура көлік қызметін пайдаланушылардың құқығын бұзуға байланысты көптеген кемшіліктердің бетін ашты

Бас прокуратура көлік қызметін пайдаланушылардың құқығын бұзуға байланысты көптеген кемшіліктердің бетін ашты

Астана. 16 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Бас прокуратура көлік қызметін пайдаланушылардың құқығын бұзуға байланысты көптеген кемшіліктердің бетін ашты, деп хабарлайды агенттік тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 16 Қазан 2008
  • 1008
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жақында Бас прокуратура 2007 жыл мен 2008 жылдың 1 жарты жылдығы кезеңіндегі көлік қызметін пайдаланушылардың құқығын қорғауға бағытталған заңдылықтардың қолданылу практикасына талдау жасап, билетсіз жолаушы мен ақысы төленбеген жүк алу, билеттерді қымбат бағаға қайта сату, пойыздардың кешігіп келуі, вагондар мен вокзал ғиараттарында санитарлық нормалардың сақталмауы сияқты біраз кемшіліктердің бетін ашты.

Әсіресе шексіз мөлшерде билетсіз жолаушы мен ақысы төленбеген жүк алу вагонда қолайсыз жағдай туғызып, жұртты әбден ығыр қылған көрініс екені өздеріңізге де аян.

Бұған Ақтөбе облысының Жайсаң стансасындағы тексеру кезінде «Ходжент — Саратов» бағытындағы №335 пойыздың бір өзінен ғана 699 билетсіз мінгізілген Тәжікстан азаматының анықталғанын айтсақ та жеткілікті. Ал барлығы 14 вагоннан тұратын бұл пойыздың заңды сыйымдылығы 702 орын.

«Ташкент-Москва бағытындағы» №5 пойыздан да дәл осындай жаппай заң бұзушылық анықталды. Ал Орал көлік прокуратурасы «Москва — Ақтөбе» бағытындағы №388 жолаушылар пойызынан жалпы салмағы 3 тоннаға жуық рәсімделмеген жүк анықтады. Прокуратура органдарының арнайы қаулысымен жолсеріктер түгелдей әкімшілік жазаға тартылып, билетсіз жолаушыларға айыппұл салынды.

Ал өз жұмысын бетімен жіберген аумақтық көлік бақылау органдарының осындай әрекетсіздік фактілері бойынша Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитетінің атына ұсыныс беріліп, соның нәтижесінде тиісті шара қолданылып, бір лауазым иесі қызметімен қоштасты. Сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» ашық қоғамының президенті атына жіберілген ұсыныс бойынша да осындай шаралар қабылданып, бірнеше адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұл арада темір жол жолаушылары тасымалындағы шығындарды жабу үшін жыл сайын бюджет қаржысынан миллиардтаған ақша бөлініп отыратынын айта кетелік. Өткен жылы бұл мақсатқа 9,4 млрд. теңге, ал үстіміздегі жылы 9,5 млрд. теңге қаржы бөлінген.

Сөйте тұра пойыз бригадалары билетсіз жолаушылар мен ақысы төленбеген жүк алудан тыйылар емес, ал вагон жартылай бос тұрса да кассада билет сатылмайтын жәйттердің болатыны да жұртшылыққа аян.

Оған осы теміржол вокзалдары мен кассаларында да көптеген заң бұзушылықтардың анықталып отырғаны куә.

Мәселен, прокурорлар Ақтөбе қаласының теміржол кассаларында билет сату жайын тексергенде, кассирлердің билет тапшылығын қолдан туғызып, оларды одан кейін қымбатқа өткізу үшін өздері немесе өздерінің адамдары арқылы билеттерді қотара сатып алып отыратыны анықталды. Қайтарылған билеттерді тексергенде ойдан шығарылған ныспыларға берілген 33 билет, ал жалған жеке куәлік нөміріне жазылған 54 билет анықталды. Ойдан шығарылған адамдарға берілген ол билеттер келісілген бағаға алушы табылғанда дереу сол кассаға қайтарылып, үстемемен сатылып отырған.

Арнайы сұрау салынғанда 20 адам өздерінің билетті 1 мыңнан 3 мыңға дейін үстеме ақы төлеп алғандықтарын растады.

Билет тапшылығын қолдан жасап, оларды үстеме бағаға өткізіп отыру үрдісі Көлік бақылау комитеті мен «ҚТЖ» ұлттық компаниясының ревизорлық қызметінің тиісті бақылауының жоқтығынан болып отырған жәйт.

Вокзал қызметтеріндегі кемшіліктер де атап айта кетуге тұрарлық.

Мәселен, Орталық көлік аймағына жататын барлық дерлік вокзалдарда санитарлық-эпидиомиологиялық ережелер мен нормалардың, өрт қауіпсіздігі туралы, «Теміржол көлігі туралы», Қазақстан республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңдардың талаптары орындалмай отырғаны анықталды.

Мәселен, Павлодар қаласынан небәрі 15-ақ шақырым жердегі Жолқұдық стансасындағы вокзал мүлдем қараусыз қалған: Есіктер жабылмайды, терезе жоқ, төбесі салбырап түсіп кеткен, жылу мен тоқ жоқ, іші былығып жатыр. Кейбір бөлмелері дәретханаға айналып, түрлі қалдықтар мен қоқысқа толып кеткен.

Өкінішке орай, мұндай жағдайлар Павлодар обласының Қалқаман, Маралды және Красноармейская, Қостанай облысының Қойбағар, Қазанбас, Жаркөл және Қайрақ стансаларының вокзалдарында да орын алған.

Вокзалдардың қызметінде жиі кезедесетін заң бұзушылықтардың бірі — мүмкіндігі шектелген жолаушылар жүріп тұруға арналған пандустардың болмауы, бұл «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңды тікелей бұзу болып табылады.

Мысалы, еліміздің астаналық вокзалының бірінші қабатындағы пандус заң талаптарына сәйкес келмейді.

Олардың екі жағында сүйемел жақтау жоқ және де пандустардың параметрлеріне сәйкес келмейді. Вокзал ғимаратынан бірінші перронға шығар есігінде пандус бар, бірақ ол да сүйемел жолақтармен қамтамасыз етілмеген.

Ал Бурабай курорты стансасының вокзалында пандустар мүлдем жоқ. Сондықтан, мүгедектер біреудің көмегінсіз вокзалға кіре алмайды. Көкшетау стансасының вокзалында пандустар тек прокурорлардың ескертулерінен кейін ғана қойылды.

Ақтөбе стансасының жолаушылары пойыздарды тікесінен тік тұрып тосуға мәжбүр, өйткені «Вокзал-Сервис» акционерлік қоғамдастығы теміржол вокзалының бөлмелерінің көбін сауда жасау үшін жеке кәсіпкерлерге беріп қойған.

Мұнда анықтама бюросы 2 қабатта, ал ана мен бала бөлмесі 3 қабатта орналасқан. Бұл мүгедектер түгіл, аяқ-қолы бүтін жолаушылар үшін де қолайсыздық туғызады.

Санитарлық-гигиеналық және өртке қарсы ережелері бойынша заң бұзушылықтар да кең таралған.

Мысалы, «Новосибирск-Алматы» бағытында жүретін №301 жолаушылар пойызын тексеру кезінде мейрамхана вагонында ыстық және суық судың жоқтығы және тоңызытқыштың жұмыс істемейтіні анықталды. Ал санитарлық-эпедемиологиялық нормалар мен ережелерін бұзып отырған бұл вагон халықаралық бағытта қолданылады.

Сонымен бірге, теміржолдың инвентарлық паркінде тұрған 57 қытай вагоны санитарлық паспорттарымен қамтамасыз етілмеген. Яғни бұл жерде Қазақстан Республикасының «Халықтың санитарлық-эпедимиологиялық ахуалы туралы» Заңының талаптарын бұзылып отыр.

Сонымен қатар тексеру барысында жолаушылар пойыздарында азық-түлік саудасының кең таралғаны, көбінесе сапасы төмен тағам сатылатыны, оның жолаушылардың тамақтан жаппай улану қауіп-қатеріне соқтыруы мүмкін екені анықталды. Бұл жөнінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және көлік бақылау органдары бірде бір шара қабылдамаған.

Оңтүстік Шығыс көлік аймағында көптеген вагондарда өрт дабылшысы мен өрт сөндіру құралдарының жоқтығы анықталды. Пойыздарда көбінесе машинистпен радиобайланыс және жарық түсіру құралдары нашар жұмыс істейді.

Мысалы, «Защита-Алматы» бағытында жүретін жолаушылар пойызының 4-ші вагоны өрт дабылшысымен қамтамасыз етілмеген, титандарда әлектр су қайнатқышы, машинистпен радиобайланыс және тағы басқалары жоқ.

Прокурорлық тексеру барысында пойыздардың көптеген кешеуілдеу және бөгелу фактілері анықталды.

Мысалы, Оңтүстік Шығыс көлік аймағында «Алматы-Достық» бағытындата жүретін №351 жолаушылар пойызының 60-90 минутқа жүйелі түрде кешігіп келетіні әдетке айналған.

Ал бұл ұлттық теміржол компаниясының беделін түсіріп қана қоймай, жолаушылар құқығына нұқсан келтіреді, сондықтан прокуратура органдары «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамдастығы президентінің атына ұсыныс енгізді. Ұсыныс қаралып, тиісті шаралар қабылданды.

Аталған заң бұзушылықтар уәкілетті бақылау органдары тарапынан тиісті бақылау жүргізбейтінін көрсетеді.

Прокуратура органдары Оңтүстік Шығыс көлік аймағындағы ревизорлық учаскілерінде тиісті тәжрибесі мен білімі жоқ мамандар бақылаушы-ревизор болып істейтінін анықтады.

Мысалы, бұрынғы дәнекерші және ағаш ұстасы Қ.Сәрсембеков, Қызылорда облысының Жол полициясы басқармасының қызметтен шығарылған аға инспекторы Е.Әмірбек және тағы басқалары ревизор болып жұмыс істеген.

Бұл орайда 2008 жылдың бірінші жартысында ревизорлық аппаратының жолаушылар пойызы жолсеріктердің жұмысында бір де бір заң бұзушылық таппағанына таң қалуға болмайды.

Сондай-ақ Көліктік бақылау комитетінің құрылымдар қызметінің тиімділігі төмен.

2008 жылдың бірінші жартысында Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері 123 тексеру жүргізген. Олардың нәтижелері бойынша жолаушыларды билетсіз тасымалдаудың 27 фактісі ғана анықталса, ол жөнінде тек 25 ұйғарым ғана берілген. Аталмы ұйым қызметкерлерінің жұмыстарының шынайлығы мен тиімділігіне осының өзі күмән келтіреді.

Сонымен бірге аймақтық көлік прокуратуралары әуе көліктеріндегі жолаушылардың құқықтары мен мүделерінің бұзу фактілерін анықтады.

Мысалы, Алматы авиациялық көлік прокуратурасы Халықаралық конвенция және азаматтық авиациясының саласының заң нормаларына қайшы , «Эйр Астана» акционерлік қоғамының мас жолаушылардың негізсіз рейстен түсіру қарастырылған Жолаушылар мен жүкті әуеде тасымалдаудың уақытша ережесіне наразылық білдірді. Наразылық қанағаттандырылды.

Сонымен қатар әуе тасымалдау саласында рейстердің кешігуі және жолаушылар алдындағы тасымалдау міндеттерін орындамау фактілері орын алды.

Мысалы, 2008 жылдың 30 қаңтарында Ақтөбе аэропортында «Эйр Астана» әуе компаниясының «Ақтөбе-Астана» авиарейсі 11 сағатқа бөгелді.

Бірақ, тасымалдаушы жолаушылардың белгіленген жерге келесі рейспен жіберуге, қонақ үйде орналастыруға және тамақтандыруға ешқандай шара жасамаған.

Осыған байланысты, Ақтөбе көлік прокуратурасы компания басшылығының атына ұсыныс енгізіп, ол қаралып жолаушылардың шығындарын төленді.

«Эйр Астана» акционерлік қоғамдастығының «Астана-Семей» бағытындағы Ан-24 әуе кемесін тексеру кезінде жолаушылар салонында тұрмыстық қоқыстар шашылып, қайырмалы үстелдерді шаң басқаны, жолаушылар салоны мен асхана бөлігі арасындағы шымылдықтың май дақтары бар кір екені анықталды.

Сонымен қатар, әуе жолаушылары мен әуе экипажының мүшелеріне берілетін тамақ түрлі саймандар және май құйылған канистрлермен бірге самолеттің артқы бөлігінде араласып кеткен.

Аталған заң бұзушылықтар «СКАТ авиакомпаниясы» және «Жетісу авиакомпаниясы» акционерлік қоғамдарының әуе кемелерінде де анықталды. Аталған 3 компанияға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғалды.

2007 жылы көлік прокурорлары 194 тексеру жүргізді, нәтижесінде 105 ұсыныс енгізілді, 9 қылмыстық іс қозғалды, әкімшілік жауапкершілікке 283 адам, тәртіптік жауапкершілікке — 160 адам тартылды, 1,7 миллиард теңге соммасына шығынның орны толтырылды, оның 987 мың теңгесі мемлекеттік бюджетке түсті.

Ал 2008 жылдың бірінші жартысында 81 тексеру жүргізілді, нәтижесінде 65 ұсыныс енгізілді, 9 заң түсініктемесі берілді, 1 наразылық бойынша 1 акт күшін жойды, әкімішілік жауапкершілікке 150 адам, тәртіптік жауапкершілікке — 67 адам тартылды, 575,2 миллион теңге сомасына шығынның орны толтырылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Соңғы жаңалықтар